Сенсацияға бір қадам қалғанда: «Қайрат» «Қызылжардан» жеңісті жұлып алды
21 маусымда ҚПЛ-дың 14-турында петропавлдық «Қызылжар» өз алаңында алматылық «Қайратты» қабылдады, деп хабарлайды Sports.kz.
Бұл командалардың осы аптадағы екінші кездесуі еді. 17 маусымда «Қайрат» қарсыласын 3:0 есебімен ойсырата жеңген болатын.
Алғашқы тайм голдарға және оқиғаларға бай өтті. Қонақтар 13-минутқа дейін жазғы жаңадан келген ойыншыларының арқасында 2:0 есебімен алда келе жатты. Алдымен Яакко Оксанен есеп ашса, одан кейін Марк Гуаль ҚПЛ-дегі алғашқы голын соқты.
Алайда, жергілікті жанкүйерлердің алдында алаң иелері мойымады – үзіліске дейін-ақ таразы басын теңестірді. Есепті теңестіргендер – Стефан Бахокен мен Этьен Бойгре.
Көрермендер сенсация күткендей болды, бірақ бәрін 77-минуттағы эпизод шешті. «Қызылжар» қос бірдей жазасын алды: өз қақпасына пенальти мен Керижановтың Жоржиньоға жасаған фолы үшін қызыл қағаз. Пенальтиді зардап шеккен Жоржиньо өзі орындады – 3:2. Ал кездесудің нүктесін қосымша уақытта Луиш Мата қойды.
Бұл жеңістен кейін «Қайрат» 33 ұпай жинап, «Ордабасыны» қуып жету жолындағы күресін жалғастыруда. «Қызылжар» 15 ұпаймен 11-орында қалды.
ҚПЛ, 14-тур
«Қызылжар» – «Қайрат» 2:4
Голдар: Бахокен, 22, Бойгре, 39 – Оксанен, 9, Гуаль, 13, Жоржиньо, 78 (пенальти), Мата, 90+2
Алаңнан қуылу: Керижанов, 77 («Қызылжар»)