Молдова – Қазақстан матчынан кейін Самородов не үшін алаңнан қуылды
Қазақстан құрамасының Молдовадан 1:2 есебімен жеңілген кездесуі Максим Самородовтың алаңнан қуылуымен аяқталды. Кишиневте өткен ойыннан кейін ұлттық құраманың шабуылшысы бас төрешінің шешімімен қызыл қағаз алды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Оқиға матч аяқтала салысымен болды. Кездесудің бас төрешісі Андреа Коломбо алдымен қазақстандық футболшыға сары қағаз көрсетті. Алайда Самородов төрешімен сөз таластыруын тоқтатпаған. Осыдан кейін италиялық қазы оған екінші рет ескерту жасап, алаңнан қуды.
Осылайша, шабуылшы ойын аяқталғаннан кейінгі бір ғана эпизодта екі сары қағаз алып, қызыл қағазға ие болды. Екінші ескертуге төрешімен болған сөзталас себеп болғанымен, олардың нақты не туралы сөйлескені белгісіз.
Бұл жағдай Қазақстан құрамасы үшін тағы бір қиындық туғызды. Самородов 16 қарашада Астанада өтетін Словакияға қарсы Ұлттар лигасының топтық кезеңіндегі соңғы кездесуге қатыса алмайды.
Еске салайық, Молдоваға қарсы матч қазақстандықтардың 1:2 есебімен жеңілуімен аяқталды. Ұлттық құраманың жалғыз голын Ислам Чесноков соқса, алаң иелері сапында Петру Попеску дубль авторы атанды.
Бес турдан кейін Джон ван ’т Схип шәкірттерінің еншісінде екі ұпай бар. Қазақстан құрамасы әзірге бірде-бір жеңіске жеткен жоқ. Команда екі рет тең ойнап, үш кездесуде қарсыластарына есе жіберді.