Покатилов Қазақстан құрамасының Молдовамен матчтағы мүмкіндігін бағалады
Қазақстан құрамасының қақпашысы Стас Покатилов УЕФА Ұлттар лигасы аясындағы Молдовамен өтетін қарымта матч алдында пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz Moldfootball.com-ға сілтеме жасап.
Әзербайжанның «Сабах» клубының қақпашысы командалардың мүмкіндігін бағалап, Қазақстан құрамасының көңіл күйі туралы айтып берді.
«Жауынгерлік көңіл күйдеміз. Қарымта қайтарғымыз келеді. Бұл — біз үшін өте маңызды ойын. Меніңше, алғашқы матчта да, қазір де мүмкіндіктер 50-ге 50», - деді Покатилов.
Қақпашы сондай-ақ алғашқы кездесуде Қазақстан матч қорытындысында жеңілгеніне қарамастан фаворит саналғаны туралы әңгімеге пікір білдірді.
«Алғашқы матчта фаворит саналды деп айта алмас едім. Букмекер — букмекер, ал футболшылар — футболшылар. Олар басқаша есептейді», - деді қақпашы.
Молдова құрамасы туралы сұраққа жауап берген Покатилов жекелеген футболшыларды бөліп көрсетпей, қарсыластың тұтас команда ретінде қауіпті екенін атап өтті.
«Зерттедік, бірақ біреуді бөле-жара айтпас едім. Жалпы алғанда, бүкіл команда жаман емес», - деп қосты ол.
Бұдан бөлек, қақпашы ұлттық құрамадағы ойындарын жуырда дортмундтық «Боруссия» мен «Манчестер Юнайтедке» қарсы өнер көрсеткен Чемпиондар лигасындағы матчтармен салыстырды.
«Құрамадағы деңгей төмендеу деп айта алмаймын, өйткені әр футболшы үшін өз елінің құрамасы — ең биік белес. Сондықтан Чемпиондар лигасы — Чемпиондар лигасы, ал ұлттық құрама сапындағы ойын — мүлде басқа», - деп түйіндеді Покатилов.
Бесінші турдың кездесуі 13 қарашада Кишиневтегі «Зимбру» стадионында өтеді және Қазақстан уақытымен 22:00-де басталады.
Еске салайық, Астанада өткен Қазақстан мен Молдова арасындағы алғашқы матчта Қазақстан құрамасы 1:2 есебімен жеңіліп қалды.