«Манчестер Юнайтедтен» «Селтикке» дейін: қазақстандық клубтар Еуропаны дүр сілкіндірген бес матч
Sports24.kz редакциясы қазақстандық командалар атақты қарсыластарын таңғалдырған бес матчты еске алды.
1. «Астана» - «Манчестер Юнайтед» (2:1, 2019)
2019 жылғы 28 қарашада «Астана» қазақстандық клуб футболы тарихындағы ең жарқын жеңістердің біріне қол жеткізді. Еуропа лигасы топтық кезеңінің бесінші турында елордалық команда ағылшынның «Манчестер Юнайтед» клубын қабылдады. Қонақтар Қазақстанға тәжірибелік құраммен келгенімен, манкуниандықтардың қосалқы ойыншыларының өзі матч фавориті саналды. Оныншы минутта Джесси Лингард қонақтарды алға шығарды. Кездесу күткендегідей өрбіп жатқандай көрінді. Алайда үзілістен кейін алаң иелері ойын барысын өзгертті. 55-минутта Дмитрий Шомко есепті теңестірсе, араға бес минут салып қонақтардың қорғаушысы Ди’Шон Бернард допты өз қақпасына енгізіп алды. «Астана» басымдығын сақтап, Англияның ең атақты клубтарының бірін тарихи жеңіспен тізе бүктірді.
2. Қарағандылық «Шахтёр» - «Селтик» (2:0, 2013)
2013 жылғы тамызда қарағандылық «Шахтёр» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығуға бір қадам қалғанда тоқтады. Плей-офф кезеңінің алғашқы матчында қазақстандық клуб халықаралық тәжірибесі әлдеқайда мол шотландиялық «Селтикті» қабылдады. Алайда Виктор Кумыковтың шәкірттері сенсация жасап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Қарымта ойын қарсаңында қазақстандықтардың екі голдық басымдығы болды, бірақ Глазгода кездесу драмалық сипат алды. «Селтик» екі гол соғып, екі ойынның қорытындысындағы есепті теңестірді. Ал қосымша уақытта Джеймс Форрест Александр Мокиннің қақпасына үшінші допты енгізді. «Шахтёр» 0:3 есебімен жеңіліп, еурокубоктердің басты турнирінің топтық кезеңіне бір қадам қалғанда жарыстан шықты. Соған қарамастан, өз алаңында шотландиялық алпауытты жеңуі қазақстандық футбол тарихында мәңгі қалды.
3. «Астана» - «Атлетико» (0:0, 2015)
2015 жылғы 3 қарашада «Астана» Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясында мадридтік «Атлетиконы» қабылдады. Диего Симеоне жаттықтырған испаниялық клуб сөзсіз фаворит саналды. Оның құрамында Антуан Гризманн, Коке, Фернандо Торрес және басқа да танымал футболшылар өнер көрсетті. Алайда қазақстандық команда Еуропаның ең мықты ұжымдарының бірінің қысымына төтеп бере алды. Қонақтар басым болғанына қарамастан, «Астананың» қорғанысы ұйымшыл ойнап, мадридтіктерге жеңіске жетуге мүмкіндік бермеді.т Кездесу голсыз тең аяқталды.т Бұл нәтиженің маңызы маусым қорытындысы бойынша айқындала түсті. «Атлетико» Чемпиондар лигасының финалына дейін жетіп, онда мадридтік «Реалға» пенальти сериясында жол берді.т Осылайша, қазақстандық клуб турнирдің болашақ финалистінен ұпай тартып алды.
4. «Астана» - «Галатасарай» (2:2, 2015)
2015 жылғы 30 қыркүйекте Қазақстанда алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңі матчы өтті. «Астананың» қарсыласы құрамында Уэсли Снейдер, Лукас Подольски және Фернандо Муслера өнер көрсеткен түркиялық «Галатасарай» болды. Қонақтар 31-минутта Билал Кысаның голының арқасында есеп ашты.ь Алайда кездесудің соңғы бөлігі нағыз футбол драмасына айналды. 77-минутта алаң иелерінің шабуылынан кейін Хакан Балтадан қайтқан доп түрік командасының қақпасына кіріп кетті. Араға тоғыз минут салып Синан Гюмюш «Галатасарайды» қайтадан алға шығарды. «Астана» ұпайсыз қалатындай көрінген, бірақ 89-минутта алаң иелері тағы бір нәтижелі шабуыл ұйымдастырды. Айып алаңындағы тартыстан кейін Лионель Карольдан қайтқан доп қақпа сызығын кесіп өтті. 2:2 есебі қазақстандық клубқа Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы ұпайын әкелді.
5. «Қайрат» - «Селтик» (0:0, пенальтиден 3:2, 2025)
2025 жылғы 26 тамызда алматылық «Қайрат» алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алып, тарихи жетістікке жетті. Іріктеудің шешуші кезеңінде қазақстандықтарға шотландиялық «Селтик» қарсы тұрды. Глазгода өткен алғашқы матч голсыз тең аяқталды. Алматыдағы қарымта кездесудің негізгі және қосымша уақытында да жеңімпаз анықталған жоқ. Чемпиондар лигасына берілетін жолдаманың тағдыры пенальти сериясында шешілді. Қарсыласу батыры «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбеков болды. Қазақстандық қақпашы «Селтик» футболшыларының үш соққысын қайтарып, командасына 3:2 есебімен жеңіс сыйлады. Алматылық клуб тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығып, мұндай жетістікке жеткен Қазақстанның «Астанадан» кейінгі екінші өкілі атанды. Шотландиялық алпауыт үшін бұл жеңіліс еурокубоктік науқандағы ең ауыр нәтижелердің біріне айналды.