Қазақстан Молдованың өз алаңындағы екі жылға жуық жеңіссіз сериясын тоқтатты
Қазақстан ұлттық құрамасы Молдованың өз алаңындағы ұзаққа созылған жеңіссіз сериясын тоқтатқан қарсылас атанды. Кишиневте өткен УЕФА Ұлттар лигасының бесінші турында алаң иелері отандастарымызды 2:1 есебімен жеңді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстанмен кездесуге дейін Молдова құрамасы екі жылға жуық уақыт бойы өз жанкүйерлерінің алдында жеңіске жете алмаған еді. Молдовалықтар соңғы рет 2024 жылғы 10 қазанда Ұлттар лигасының С дивизионы аясында Андорраны 2:0 есебімен ұтқан болатын.
Содан бері Молдова үшін өз алаңындағы кездесулер сәтсіз аяқталып келді. Құрама Норвегиядан (0:5), Эстониядан (2:3), Израильден (0:4), Италиядан (0:2), Литвадан (0:2) және Словакиядан (0:4) жеңілді. Сондай-ақ Болгариямен (2:2) және Фарер аралдарымен (1:1) өткен ойындарда жеңімпаз анықталған жоқ.
Бұл сәтсіз серия Қазақстанға қарсы кездесуде үзілді. Ойынның 39-минутында Петру Попеску есеп ашып, алаң иелерін алға шығарды. Алайда екінші тайм басталғаннан кейін көп ұзамай Ислам Чесноков алыстан әдемі соққы жасап, таразы басын теңестірді.
Кездесудің шешуші сәті 77-минутта тіркелді. Попеску екінші голын соғып, дубль авторы атанды. Осылайша, Молдова өз алаңында көптен күткен жеңісіне қол жеткізді.
Бұл нәтиже молдовалықтарға ұзаққа созылған жеңіссіз сериясын тоқтатумен қатар, Ұлттар лигасының биылғы маусымында Қазақстанды екінші рет ұтуға мүмкіндік берді. Бұған дейін 2 қазанда Астанада өткен алғашқы кездесуде де Молдова 2:1 есебімен басым түскен болатын.