Кәрімовтің әдемі голы және 82-минуттағы шешуші сәт: Словакия – Қазақстан матчына бейнешолу
Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының жаңа маусымындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Джон ван ’т Шкип командасы Кошицеде Словакиядан 1:2 есебімен жеңілді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Алаң иелері алғашқы минуттардан-ақ бастаманы өз қолына алды және Қазақстан қақпасына жиі қауіп төндірді. Стас Покатилов бірнеше рет командасын құтқарып қалды, бірақ 26-минутта словактар есеп ашты. Давид Стрелецтің соққысынан кейін қақпашы допты қайтарғанымен, Лео Сауэр бірінші болып жетіп, допты торға бағыттады - 1:0.
Қазақстанға жауап қайтару үшін небәрі тоғыз минут қажет болды. Рамазан Кәрімов айып алаңының сыртынан допты қабылдап, бұрылып тұрып Мартин Дубравка қорғаған қақпаның жоғарғы бұрышын дәл көздеді - 1:1.
Командалар үзіліске тең есеппен кетті.
Екінші таймда Словакия шабуылын жалғастырды, бірақ Қазақстанның да гол соғатын мүмкіндіктері болды. Александр Мрынский допты тартып алып, айып алаңына кіргенімен, соққысы қақпаға дәл бармады. Кейін Кәрімов тағы бір мүмкіндікке ие болды, алайда бұл жолы Дубравка сенімді ойнады.
Матчтың шешуші сәті 82-минутта болды. Ондрей Дуда бұрыштамадан допты алдыңғы бағанаға бағыттады, ал Давид Ганцко әуе добында басым түсіп, баспен соққы жасап, есепті 2:1 етті.
Қалған уақытта Қазақстан екінші рет есепті теңестіре алмады.
Бұл нәтиже Қазақстан үшін Словакиямен өткен ресми матчтардағы алғашқы жеңіліс болды. Бұған дейін 2022 жылғы Ұлттар лигасында қазақстандықтар словактарды екі рет жеңген еді - сырт алаңда 1:0, өз алаңында 2:1.
Екі турдан кейін Қазақстанның еншісінде бір ұпай бар. Келесі матчта Джон ван ’т Шкип шәкірттері 2 қазанда Астанада Молдованы қабылдайды.
Назарларыңызға Словакия - Қазақстан матчының шолуын ұсынамыз: