locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Үлкен футболға қажет қасиеттердің бәрі бар»: Вайсс Дастан Сәтпаевтың болашағына баға берді

Владимир Вайсс Дастан Сәтпаевты Бауыржан Исламханмен салыстырып, оның Англиядағы болашағы туралы пікір білдірді
Футбол
«Үлкен футболға қажет қасиеттердің бәрі бар»: Вайсс Дастан Сәтпаевтың болашағына баға берді
ФОТО: Getty images
УЕФА Ұлттар Лигасы. С Лигасы
16.11.2026, 10.00
Қазақстан
-
Словакия
-

Қазақстан мен Словакия құрамалары арасындағы матч қарсаңында Владимир Вайсс Sports24.kz тілшісі Ануар Абдрахмановтың Дастан Сәтпаевқа қатысты сұрағына жауап берді. Қазақстан футболын жақсы білетін маман жас шабуылшыны Бауыржан Исламханмен салыстырып, оның Англиядағы мүмкіндіктеріне баға берді.

Әңгіме барысында Ануар Абдрахманов словакиялық бапкердің Қазақстанда жұмыс істеген жылдарын еске алып, екі буынның талантты футболшыларын салыстыруды сұрады.

«Владимир, сәлеметсіз бе! Араға қаншама жыл салып, сізді Астанада қайта көргеніме қуаныштымын. Кезінде бәрімізге көрсеткен құрметіңіз бен жылы қарым-қатынасыңыз үшін алғыс айтамын. Сіз Бауыржан Исламханның бабында жүрген кезін жақсы білесіз. Қазір Қазақстан футболында, «Қайрат» сапында жаңа талант - Дастан Сәтпаев пайда болды. Ол Англияға аттанды. Екеуін өз жасындағы деңгейімен салыстырсаңыз, Исламхан мен Сәтпаевтың қайсысы мықты болды? Дастанның болашағын қалай бағалайсыз?» - деп сұрады Sports24.kz тілшісі Ануар Абдрахманов.

Вайсс бұрыннан таныс журналистпен қайта жүздескеніне қуанышты екенін білдіріп, Сәтпаевтың әлеуеті жас кезіндегі Исламханды еске түсіретінін айтты.

«Сәтпаев - ең үлкен таланттардың бірі. Әрине, оны Исламханның 18–19 жасындағы деңгейімен салыстыруға болады. Есімде, бір жыл бұрын, оның 17 жасқа толған күні біз «Слованға» қарсы ойнадық. Сол күні чемпиондар тобынан шығып қалдық, сондықтан бұл кездесу есімде жақсы сақталған. Ол - өте талантты футболшы. Англияда үлкен жетістіктерге жетуіне тілектеспін», - деді Вайсс.

Словакиялық маман жас футболшының ойын мәнеріне де тоқталып, оның жоғары деңгейде өнер көрсетуіне қажетті қасиеттерін ерекше атап өтті.

«Ол - «Челсидің» ойыншысы, қазір «Бернлиде» жалға алу келісімі бойынша өнер көрсетіп жүр. Өкінішке қарай, жақсы ойын өткізгеннен кейін жарақат алды. Мен сол кездесуді көрдім. Таланты өте жоғары. Мұндай футболшы 10–15 жылда бір рет шығуы мүмкін. Жылдамдығы бар, екі аяғымен де жақсы ойнайды, алаңды көре біледі, соққысы мықты, стандартты жағдайларды орындай алады. Үлкен футболға қажет қасиеттердің бәрі бойында бар», - деп толықтырды бапкер.

Владимир Вайсс қазақстандық жанкүйерлерге алматылық «Қайраттағы» жұмысымен жақсы таныс. Ол 2013–2015 жылдары клубты жаттықтырып, екі рет Қазақстан кубогын жеңіп алды және үш мәрте ел чемпионатының жүлдегері атанды. Сол кезеңде оның қол астында Бауыржан Исламхан да өнер көрсетті. Енді тәжірибелі маман бұрынғы шәкіртін Дастан Сәтпаевпен салыстырып отыр.

2026 жылдың мамырында Вайсс Словакия құрамасының тізгінін қайта ұстады. Ұлттар лигасының биылғы маусымында оның командасы Қазақстанмен бір рет кездесіп үлгерді. 29 қыркүйекте өз алаңында өткен ойында словакиялықтар 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ал бесінші турда Қазақстан Молдоваға 1:2 есебімен жол берсе, Словакия Фарер аралдарымен 2:2 есебімен тең түсті.

Енді қос құрама Ұлттар лигасының 2026/27 жылғы маусымындағы топтық кезеңнің соңғы кездесуін өткізеді. Қазақстан мен Словакия арасындағы матч 16 қарашаға жоспарланған.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie