Садулаев Абу-Дабидегі төбелеске қатысқандардың қамауға алынуына қатысты мәлімдеме жасады: Олимпиада чемпионы не талап етті?
Еркін күрестен екі дүркін Олимпиада чемпионы Абдулрашид Садулаев Абу-Дабиде болған жаппай төбелес пен оның салдарынан бірнеше адамның қамауға алынуына қатысты пікір білдірді. Ресейлік балуан жергілікті билікті ұсталған азаматтарды босатуға және жанжалдасқан тараптардың өзара келісімге келуіне ықпал етуге шақырды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Оқиға 11 қарашада Біріккен Араб Әмірліктері астанасындағы қонақүйлердің бірінде болған. Жаппай жанжалға ресейлік спортшылар Усман мен Умар Нурмагомедовтердің айналасындағы адамдар және UFC ұйымының бұрынғы чемпионы, грузиялық Мераб Двалишвилидің командасы қатысқан.
БАҚ мәліметінше, полиция араласқаннан кейін он адам ұсталған. Кейін олардың екеуі босатылып, қалған сегізі алты айға қамауға алынып, 300 мың дирхам көлемінде айыппұл арқалаған. Ұсталғандардың арасында Умар Нурмагомедов те бар екені айтылды.
Оқиғаның салдары ауыр болғанына қарамастан, Двалишвилидің өзі Абу-Даби билігіне төбелеске қатысқандарды босату туралы өтініш білдірген. Оның бұл ұстанымын Real American Freestyle турнирінен кейін мәлімдеме жасаған Садулаев та қолдады.
«Мен бұл жігіттерді босатуды сұрағым келеді. Екі күннің ішінде олар болған оқиғадан тиісті сабақ алды деп сенемін. Мұндай келіспеушіліктерді тек күрес кілемінде шешу керектігін түсінген шығар. Өткенді өзгерте алмаймыз. Бірақ олар бостандыққа шыққан соң, екі тараптың қол алысып, осы мәселеге біржола нүкте қоюы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – деді Олимпиада чемпионы.
Айта кетейік, Двалишвили мен Нурмагомедовтер командасының арасындағы қарым-қатынас UFC-дегі жекпе-жектен кейін де шиеленісті күйде қалған. 2025 жылдың қаңтарында грузиялық файтер Умар Нурмагомедовті төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіп, аса жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуін қорғаған еді.
Енді октагон шеңберінен шығып кеткен бұл жанжалға төбелеске тікелей қатысы жоқ спортшылар да араласып, мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырып отыр.