locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Қазақстан Ұлттар лигасының C дивизионындағы орнын сақтап қалды: себебі белгілі болды

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында соңғы орын алғанына қарамастан, C дивизионындағы орнын сақтап қалды
Футбол
Қазақстан Ұлттар лигасының C дивизионындағы орнын сақтап қалды: себебі белгілі болды
ФОТО: KFF
УЕФА Ұлттар Лигасы. С Лигасы
13.11.2026, Аяқт.
Молдова
2
Қазақстан
1

Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының биылғы маусымындағы соңғы кездесуінің нәтижесіне қарамастан, C дивизионында өнер көрсетуін жалғастырады. Бес турдан кейін өз тобында соңғы орында тұрған отандастарымыз жарыстың жаңа форматына байланысты үшінші деңгейдегі дивизиондағы орнын сақтап қалды, деп хабарлайды Sports24.kz.

Әдетте топтық кезеңді соңғы орынмен аяқтаған құрама төменгі D дивизионына түсіп қалу қаупіне тап болатын. Алайда бұл жолы УЕФА жарыс жүйесіне өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр.

2028/29 жылғы маусымнан бастап Ұлттар лигасы жаңа форматқа көшеді. Қазіргі A, B, C және D дивизиондарының орнына үш дивизион қалады. Олардың әрқайсысында 18 ұлттық құрама өнер көрсетеді.

Алдағы өзгерістерге байланысты УЕФА 2026/27 жылғы маусымның қорытындысы бойынша командаларды бөлу тәртібін қайта қарады. C дивизионындағы топтарда үшінші және төртінші орын алған құрамалар өз орындарын сақтайды. Ал төменгі D дивизионының алты қатысушысы автоматты түрде жоғары көтеріледі.

Осылайша, C және D дивизиондарының командалары арасында өтпелі матчтар өткізілмейді. Демек, Қазақстан құрамасы қазіргі маусымды сәтсіз аяқтаса да, төменгі дивизионға түспейді.

Бұл шешім ұлттық құрама үшін маңызды болып отыр. Өйткені қазақстандық футболшылар бес кездесуде небәрі екі ұпай жинап, үшінші топтың турнирлік кестесінде төртінші орында келеді.

Соңғы матчта Джон ван ’т Схип шәкірттері сырт алаңда Молдова құрамасына 1:2 есебімен есе жіберді. Кишиневте өткен кездесудің 39-минутында Петру Попеску алаң иелерін алға шығарды. Екінші таймның басында Ислам Чесноков таразы басын теңестіргенімен, 77-минутта Попеску екінші голын соғып, Молдоваға жеңіс сыйлады.

Осы жеңілістен кейін Қазақстан құрамасы B дивизионына көтерілу мүмкіндігінен біржола айырылды. Дегенмен ұлттық команданың алдағы кездесуде жанкүйерлер алдында маусымды жеңіспен аяқтауға мүмкіндігі бар.

16 қарашада Қазақстан құрамасы Астанада Словакияны қабылдайды. Бұл кездесу отандастарымыз үшін Ұлттар лигасының қазіргі маусымындағы соңғы матч болмақ.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie