«Барыс» «Металлургке» қарсы матчқа құрамын жариялады
Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионаты аясында Магнитогорскінің «Металлург» командасына қарсы өтетін үй матчына қатысатын ойыншылар тізімін жариялады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кездесу 15 қарашада Астанада өтіп, Қазақстан уақытымен сағат 17:00-де басталады.
Елорда клубының қақпасын алғашқы минуттардан бастап Шутов қорғайды. Ал Николаев қосалқы құрамда болады. Сондай-ақ бапкерлер штабы ойынға Мэсси, Дэй, Симонов, Морелли, Томпсон, Маккошен, Данияр, Логвин, Пилон, Бэйли, Бритиков, Приски, Өмірбеков, Шестаков, Қайыржан, Сәркенов, Оразов, Савицкий, Шайхмелденов және Әсетовті енгізді.
Алдағы кездесу қазақстандық ұжым үшін оңайға соқпасы анық. «Металлург» 26 матчта 39 ұпай жинап, Шығыс конференциясының көшін бастап тұр. Ал «Барыстың» еншісінде 25 ойыннан кейін 27 ұпай бар.
12 қарашада өткен алдыңғы кездесуінде Михаил Кравец шәкірттері үш матчқа созылған жеңілістер сериясын тоқтатып, өз алаңында Владивостоктың «Адмиралын» 4:2 есебімен ұтты. Бұл ойында Всеволод Логвин екі шайба соқты. Ал магнитогорскілік команда Омбының «Авангардына» овертаймда 3:4 есебімен жол берді.
Қос қарсылас биылғы маусымда бұған дейін де кездескен. 18 қыркүйекте Магнитогорскіде өткен матчта алаң иелері 3:0 есебімен басым түсті. «Барыс» бұл қарсыласын соңғы рет 2024 жылғы 20 қарашада 2:1 есебімен жеңген болатын.