Испания – Англия: тікелей трансляция
15 қарашадан 16 қарашаға қараған түні Испания құрамасы УЕФА Ұлттар лигасы топтық кезеңінің алтыншы турында Англияны қабылдайды. Кездесу Мадридте өтеді, ал тікелей трансляциясы Қазақстан уақытымен 00:45-те басталады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Еуропаның қос құрамасы арасындағы ойынды Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде тамашалауға болады. Алдағы матч екі команда үшін де турнирдің топтық кезеңіндегі соңғы ойын болмақ. Алтыншы тур қарсаңында Испания А дивизионының 3-тобында 15 ұпаймен көш бастап тұр.
Англия 12 ұпаймен екінші орында келеді. Хорватияның еншісінде үш ұпай болса, Чехия әзірге бірде-бір ұпай жинаған жоқ. Осылайша, Мадридтегі кездесу топтағы екі көшбасшының өзара сайысына айналады. Араларындағы айырма – небәрі үш ұпай.
Испания құрамасы Англиямен ойынға тамаша бабында келеді. Алдыңғы турда команда сырт алаңда Чехияны 2:0 есебімен жеңіп, жеңісті сериясын 12 матчқа жеткізді. Оның үстіне испандар қатарынан 23 кездесуде жеңілген жоқ. Бұл нәтижелер Испанияға топта сенімді түрде көш бастауға және соңғы турға ең жақын қуғыншысынан басымдықпен келуге мүмкіндік берді. Енді испандар басты қарсыластарының бірімен өз алаңында өтетін ойында жеңісті жолын жалғастыруға тырысады.
Англия құрамасы да соңғы турға сәтті нәтижелермен келеді. Ұлттар лигасындағы алдыңғы матчта ағылшындар өз алаңында Хорватияны 2:0 есебімен жеңді. Бұл команда үшін қатарынан төртінші жеңіс болды. Алдағы кездесуге қосымша тартыс сыйлайтын жайт – Ұлттар лигасының осы маусымындағы қарсыластардың алғашқы ойынының нәтижесі.
26 қыркүйекте Испания мен Англия Лондонда кездескен. Ол жолы испандар сырт алаңда 3:2 есебімен жеңіске жетті. Енді Англия құрамасының Мадридте қарымта қайтаруға мүмкіндігі бар.