locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Владимир Вайсс Уразбахтиннің қызметінен кетуі мен «Қайраттың» тарихи жетістігі туралы айтты

Владимир Вайсс Рафаэль Уразбахтиннің жұмысына баға беріп, «Қайраттың» тарихи жетістігі туралы айтты
Футбол
Владимир Вайсс Уразбахтиннің қызметінен кетуі мен «Қайраттың» тарихи жетістігі туралы айтты
ФОТО: Getty images

Қазақстан мен Словакия құрамалары арасындағы матч қарсаңында Владимир Вайсс алматылық «Қайратта» жұмыс істеген жылдарын еске алды. Sports24.kz тілшісі Ануар Абдрахмановпен әңгімесінде словакиялық маман Рафаэль Уразбахтиннің қызметінен кетуіне қатысты пікір білдіріп, бұрынғы клубының жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ команданың қазіргі нәтижелері оның шынайы деңгейін толық көрсетпейтінін айтты.

Сұқбат барысында Ануар Абдрахманов «Қайраттағы» бапкерлік ауыс-түйісті сөз етіп, Вайсстан Алматыдағы матчтан кейін сөйлескен Рафаэль Уразбахтиннің жұмысына баға беруін сұрады.

«Владимир, өзіңіз білетіндей, «Қайратта» бас бапкер ауысты. Рафаэль Уразбахтин қызметінен кетті. Оның жұмысын қалай бағалайсыз? Алматыдағы ойыннан кейін екеуіңіз сөйлесіп, пікір алмасқандарыңызды білемін. Уразбахтин де сізбен матчтан кейін әңгімелесу мүмкіндігін жоғары бағалаған еді», - деп сұрады Sports24.kz тілшісі Ануар Абдрахманов.

Вайсс жауап барысында алматылық командаға қарсы өткен екі кездесуді еске алып, Уразбахтинге сәттілік тілегенін жеткізді. Ол «Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы тарихи жетістігіне ерекше тоқталды.

«Мен бұл екі матчтан тұратын текетіресте жеңілдім. Оған «Сельтаға» қарсы ойында сәттілік тіледім. Ол командасын Чемпиондар лигасына алып шықты. Әрине, бұл - Қазақстан футболы үшін үлкен жетістік. Тарихта алғаш рет осындай нәтижеге қол жеткізілді. Бұл «Қайрат» клубы үшін де, Қайрат Боранбаев үшін де керемет оқиға. Өйткені оның клубқа салған қаржысы, жұмсаған күш-жігері, сезінген эмоциялары мен өмірінде бастан өткерген қиындықтары осы жетістікке әбден лайық», - деді Вайсс.

Словакиялық маман алматылық клубқа деген ықыласы әлі де ерекше екенін жасырмады. Ол Қазақстанға қайта келгенде Астана мен Алматы туралы да жылы пікір білдірді.

«Сондықтан барлық қайраттықтарға, өзім жақсы көретін жандарға табыс, денсаулық және бар жақсылықты тілеймін. Әуежайдан келе жатқанда біздің жігіттер қаланың қандай әдемі екенін айтты. Мен оларға Астананың керемет қала екенін жеткіздім. Ал менің сүйікті Алматы қаламның сұлулығы мүлде бөлек», - деді бапкер.

Вайсс Қазақстан футболының соңғы он жылда айтарлықтай дамығанын да атап өтті. Оның пікірінше, «Қайраттың» кейінгі матчтардағы нәтижелеріне қарап, команданың мүмкіндігін төмен бағалауға болмайды.

«Қазақстан футболы соңғы он жылда қатты өсті. Қазір кейбір ойындарда сәтсіз нәтиже көрсеткені - басқа мәселе. Сәтпаев жарақат алды, сары және қызыл қағаздар болды. Бұл - футбол. Қазір команданың ойын сапасы жинаған ұпайынан әлдеқайда жоғары», - деп толықтырды Вайсс.

2025 жылдың тамызында Вайсс пен Уразбахтин Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде бір-біріне қарсы шыққан болатын. Сол кезде «Қайрат» Алматыда братиславалық «Слованды» Дастан Сәтпаевтың пенальтиден соққан голының арқасында 1:0 есебімен жеңді. Қарымта кездесуде словакиялық клуб дәл осындай есеппен басым түскенімен, пенальти сериясында алматылықтар 4:3 есебімен жеңіске жетіп, келесі кезеңге жолдама алды.

Вайсс үшін «Қайраттың» табысы ерекше мәнге ие. Ол 2013–2015 жылдары алматылық клубты жаттықтырып, екі мәрте Қазақстан кубогын жеңіп алған. Араға бірнеше жыл түссе де, тәжірибелі маман бұрынғы командасы мен оның жанкүйерлерін әлі күнге дейін жылы сезіммен еске алады.

Бұған дейін Владимир Вайсс Sports24.kz тілшісі Ануар Абдрахмановтың Дастан Сәтпаев туралы сұрағына да жауап берген еді. Словакиялық бапкер жас шабуылшыны Бауыржан Исламханмен салыстырып, мұндай талантты футболшылар 10–15 жылда бір рет дүниеге келуі мүмкін екенін айтқан болатын.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie