«Егер мені алаңнан қумағанда, біз жеңіске жетер едік»: Малый – Фарер аралдарымен матч туралы
Қазақстан құрамасының тәжірибелі қорғаушысы Сергей Малый УЕФА Ұлттар лигасының төртінші турында Фарер аралдарына қарсы өткен матч туралы (2:2) пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұл матч ұлттық құрама сапындағы 77-ойыны болған Малый кездесу қаһармандарының біріне айналды. Қорғаушы Астанадағы ойын барысында гол соқты, алайда матч соңында алаңнан қуылды.
Малыйдың пікірінше, егер ол алаңнан қуылмағанда, Қазақстан бүгін кешке жеңісті жұлып әкетуі мүмкін еді.
«Матчтың сәл басқаша өрбігенін қаладық. Біз жеңіске жетуге дайындалдық, жеңуді көздедік. Үш матч қатарынан стандарттан гол жіберіп алдық. Құдайға шүкір, ойынға қайта орала алдық.
Егер мені алаңнан қумағанда, қарсыласты ақыры жеңуіміз мүмкін еді деп ойлаймын. Бірақ шын мәнінде, бұл абайсызда жасалған фол болды. Футболшыны жарақаттауға ешқандай жаман ниетім болған жоқ.
Жалпы, біз енді жай ғана ойнадық, нәтиже үшін барлық ой мен алаңдаушылықты ысырып қойдық. Менің ойымша, біздің ең үлкен мәселеміз осы – алаңға шыққанда нәтиже үшін қатты уайымдаймыз, соның салдарынан қысылып, ең жақсы ойынымызды көрсете алмаймыз. Ел алдындағы нәтиже үшін жауапкершілік бізге қысым түсіреді.
Енді жоғалтатын ештеңе қалмаған кезде, біз жай ғана ойнап, босаңсыдық. Сондықтан қысым жасап, жақсы ойын көрсете бастадық. Егер мені алаңнан қумағанда, жеңіске жетер едік деп ойлаймын», - деді Малый ойыннан кейін.
Айта кетейік, Малый ұлттық құрама сапында өткізген матчтар саны бойынша Қазақстан құрамасының жаңа рекордын орнатты. Ол Самат Смақовтың көрсеткішінен (76 ойын) асып түсті.
Еске салайық, бүгінгі матчтан кейін Қазақстан құрамасы екі ұпаймен топтың соңғы сатысында қалды. Фарер аралдары мен Молдованың еншісінде төрт ұпайдан, ал Словакия құрамасының активінде жеті ұпай бар.