Тайсон Фьюри өзіне шизофрения диагнозы қойылғанын айтты
Бокстан аса ауыр салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Тайсон Фьюри өзіне шизофрения және биполярлық бұзылыс диагнозы қойылғанын айтты. Бұл туралы британдық спортшы өмірі мен мансабына арналған Netflix деректі фильмінде мәлімдеді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Фьюридің айтуынша, қиындықтар 2015 жылдың қарашасында украиналық Владимир Кличконы жеңгеннен кейін басталған. Сол кезде британдық боксшы чемпиондық белбеулерді иеленіп, аса ауыр салмақ дәрежесіндегі көшбасшылардың біріне айналды. Алайда көп ұзамай ауыр психологиялық дағдарысқа тап болды.
2016 жылдың маусымында боксшы жүрек талмасы болуы мүмкін деген күдікпен ауруханаға жатқызылды. Кейін оның қатты үрей ұстамасын өткергені анықталды. Фьюри сол кезеңде өзіне және отбасына қоқан-лоқы көрсеткен дауыстарды естігенін айтты.
«Мен болған қараңғылықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Нағыз тозақта өмір сүргендей болдым. Ақырында қабырғалары жұмсақ, есігі құлыптаулы палатаға түсемін деп ойладым. Бұл мені қатты қорқытты. Үрей мені тура жансыз қалдырғандай болды. Онымен өз бетімше күресе алмадым, сондықтан Лондонда психиатрға жүгіндім», - деді Фьюри.
Спортшының жары Пэрис айтқандай, тексеруден кейін оған шизофрения және биполярлық бұзылыс диагнозы қойылған. Боксшының өзі де басындағы дауыстардың кесірінен кей кездері адамдармен дұрыс сөйлесе алмағанын мойындады.
Жағдайды алкоголь мен есірткіге қатысты мәселелер, сондай-ақ салмақтың күрт артуы ушықтыра түсті. Британдық боксшы үшін бетбұрыс сәт 2017 жылдың қазанында болды. Хэллоуин кешінде ол өмірінің қаншалықты өзгергенін түсініп, жаттығуға қайта оралуға бел буды.
Кейін Фьюри мансабын қайта жандандыра алды. 2020 жылдың ақпанында ол Деонтей Уайлдерді жеңіп, аса ауыр салмақтағы WBC чемпионы атанды.
Қазір британдық боксшы отандасы Энтони Джошуамен болатын жекпе-жекке дайындалып жатыр. Бұл кездесу 2026 жылдың 11 желтоқсанында Кардиффте өтеді деп жоспарланған.