«Ойын жоқ, қорқынышты, ван ’т Схип жұмысын провал етті»: Ресейде Фарер аралдарымен матчтан кейін Қазақстан құрамасына баға берілді
Ресейлік Okko комментаторы Александр Степанов Sports24.kz порталына берген эксклюзивті сұхбатында УЕФА Ұлттар лигасы жалпы кезеңінің төртінші турында өткен Қазақстан – Фарер аралдары матчына (2:2) жан-жақты талдау жасады.
Айта кетейік, кездесу барысында Қазақстан құрамасы 0:2 есебімен жеңіліп жатып, екінші таймда Сергей Малый мен Нұралы Әлип сынды екі орталық қорғаушының дәл соққыларының арқасында жеңілістен құтылды.
«Қазақстан Фарер аралдарына қарсы өте нашар бірінші тайм өткізді. Неліктен бүкіл ойын Исламбек Қуат арқылы өрбігенін түсінбедім. Джон ван ’т Схип одан тірек жартылай қорғаушы-регбиші көргені түсініксіз. Шынын айтайық, Исламбек Қуат доппен ойнау тұрғысынан ең әлсіз ойыншы, дегенмен жекпе-жектерде және алаңдағы жұмыс көлемі жағынан өте пайдалы. Қазақстанға Зайнутдинов секілді ойыншы қазір қатты жетіспейді», - деді Александр Степанов.
Сарапшы бірнеше эпизодта шабуылдағы пайдалы әрекеттерімен «Ахмат» шабуылшысы Максим Самородов көзге түскенін атап өтті.
«Максим Самородов жарқын матч өткізді, команданы соңына дейін сүйреді, бос аймақтарға тамаша ашылып, қарсыластарын алдап өтті. Фарер аралдары ойыншыларының қызыл қағаз алғаны да – оның еңбегінің нәтижесі. Алайда алаңнан қуылғанға дейін Қазақстан құрамасында ешқандай ойын болған жоқ. Тағы да айтайын, егер Исламбек Қуат сол сәтте бос қақпаға гол соққанда... Жалпы, Джон ван ’т Схиптің қандай футбол ойнағысы келетінін мүлде түсінбедім. Шабуылда ойнауға және сәл ашық футбол көрсетуге болатын кезде, ол неге осындай қорғаныстық орталықты шығарады?
Тағы да эксперименттер. Ян Вороговский алаңға қосалқы құрамнан жаман шыққан жоқ. Қазақстанның орталық қорғаушылары алаңдатады – бұл шынымен қорқынышты. Қазақстанда, әрине, ойын жоқ, жағдай өте ауыр. Джон ван ’т Схип өз жұмысын провал етті. Енді Қазақстан футбол федерациясы бұл нәтижелерге қалай жауап беретіні қызық болады. Фарер аралдары Қазақстаннан жақсырақ ойнады, есепті теңестіре алғанымыз жақсы болды», - деп қосты ол.
Айта кетейік, Ұлттар лигасының қазіргі маусымында Қазақстан әзірге бірде-бір жеңіске жеткен жоқ. Команданың еншісінде екі жеңіліс пен екі тең ойын бар. Қараша айында Қазақстан сырт алаңда Молдовамен ойнап, өз алаңында мықты словактарды қабылдайды.
Фарер аралдарына қарсы матчта қорғаушы Сергей Малый гол соғып қана қоймай, маңызды жеке жетістікке қол жеткізді.
Бұл ойын Малый үшін ұлттық құрама сапындағы 77-матч болды. Осы көрсеткіштің арқасында ол Қазақстан құрамасы үшін 76 кездесу өткізген Самат Смақовтан озды. Матчтан кейін Сергей Малый Смақовты қазақстандық футбол тарихындағы ең ұлы ойыншы деп атады.