locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Бұл көрсеткіш өте жоғары»: қазақстандық клубтың бапкері әйелдер футболында ЛГБТ өкілдерінің көп екенін мәлімдеді

«Шахтер» бапкері Бауыржан Жаров қазақстандық футболшы қыздардың жыныстық бағдары туралы пікір білдірді
Футбол
«Бұл көрсеткіш өте жоғары»: қазақстандық клубтың бапкері әйелдер футболында ЛГБТ өкілдерінің көп екенін мәлімдеді
ФОТО: ФК Шахтер

Қарағандылық «Шахтер» әйелдер командасының бас бапкері Бауыржан Жаров Қазақстандағы футболшы қыздардың жыныстық бағдарына қатысты қоғамда пікірталас тудыруы мүмкін мәлімдеме жасады. Спорт журналисі Қасымжан Мұқатаевқа берген сұқбатында маман бұл мәселені күрделі деп санайтынын айтып, оны ойыншылармен және олардың ата-аналарымен талқылау неліктен маңызды екенін түсіндірді, деп хабарлайды Sports24.kz.

Әңгіме U-Sport жобасы аясында өрбіді. Сұқбат барысында Мұқатаев әйелдер футболындағы ЛГБТ өкілдері туралы мәселе көтерді. Журналистің айтуынша, қазақстандық клубтар мен ұлттық құрамалардың бапкерлері арасында бұл тақырып жиі қозғалады. Ол кейбір мамандардың дәстүрлі емес жыныстық бағдардағы футболшы қыздардың үлесі жоғары екенін айтқанын жеткізді.

Бұл сұраққа жауап берген Жаров Қазақстанда біржынысты қарым-қатынасқа деген көзқарас Еуропа елдерінен өзгеше екенін атап өтті. Оның сөзінше, осы себепті кейбір спортшылар жеке өмірі туралы ашық айтуға батылы бармайды.

«Біздің өз менталитетіміз бар. Бұл, шын мәнінде, өте маңызды тақырып. Өйткені мұндай қыздардың үлесі өте жоғары. Кейде қыздар біздің менталитетімізге байланысты мұны ашық көрсетуге қорқады. Еуропада бәрі ашық, тіпті бір-бірімен үйлену тойларын да өткізеді. Ал бізде олар қорқады, жасырады. Бірақ бәрібір байқалады. Қанша жасырса да, бәрі көрініп тұрады. Алайда бұл дұрыс емес», – деді Жаров.

Бапкер Қазақстандағы әйелдер футболында мұндай жағдай біртіндеп кең тарала бастағанын алға тартты. Сондай-ақ ол бұған шетелдік футболшылардың ықпалы болуы мүмкін деген болжам айтты. Дегенмен маман өз пікірін растайтын нақты деректер келтірген жоқ.

«Біз үшін, біздің футбол клубымыз үшін қыз баланың ең алдымен қыз болып қалуы маңызды. Ұл баланы футболшы ретінде тәрбиелегенде оның тұлғалық қалыптасуына да көңіл бөлеміз ғой. Қыздарды да солай тәрбиелейміз. Бірақ мұндай қыздардың үлесі жылдан-жылға артып келеді. Бұл бізге сырттан келген нәрсе сияқты. Бұрын бізде болмаған шығар. Бәлкім, легионерлер арқылы келген болар», – деді маман.

Жаров клубтағы психологтың жұмысына да тоқталды. Оның айтуынша, ол маманға футболшы қыздармен және олардың ата-аналарымен осы тақырыпта кездесулер өткізудің жолдарын қарастыруды тапсырған.

«Біздің командада әйел психолог бар. Мен одан әйелдер футболы бағытында бұл мәселені қалай дұрыс әрі абайлап қозғауға болатынын ойластыруды сұрадым. Ойыншылармен, ата-аналармен жиналыстар өткізу керек. Бұл жұмысты балалардың кішкентай кезінен бастағанымыз жөн», – деп түсіндірді ол.

Сұқбат барысында журналист бұл мәселенің 14–15 жастағы қыздарға да қатысты екенін нақтылады. Жаров мұны растады. Оның пікірінше, жас футболшылардың ересек ойыншылармен бірге жаттығуы мен бір командада өнер көрсетуі олардың көзқарасына ықпал етуі мүмкін.

Алайда бапкер айтқан жыныстық бағдардың таралу деңгейіне қатысты пікірлер нақты статистикамен немесе ғылыми зерттеулермен расталмаған. Сондай-ақ легионерлер мен ересек футболшылардың ықпалы туралы тұжырымдар да әзірге маманның жеке болжамы болып отыр.

Айта кетейік, Бауыржан Жаров бұған дейін «Астана» әйелдер командасында жұмыс істеген. 2026 жылдың маусымында ол қарағандылық «Шахтер» W командасының бас бапкері міндетін атқарушы болып тағайындалды. Сонымен қатар клубтағы әйелдер футболының үйлестірушісі қызметін қатар алып жүрді. Кейін маман команданы басқаруды жалғастырды.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie