«Біз жеңе алатын едік»: Латвия БАҚ-ы «Риганың» «Қайратпен» тең ойынына қандай баға берді
Латвия БАҚ-ы Конференциялар лигасының негізгі кезеңіндегі матчта алматылық «Қайратпен» тең түскен «Риганың» ойынына пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кездесу 15 қазанда Ригада өтіп, 1:1 есебімен аяқталды. Бесінші минутта Марк Гуаль пенальтиді дәл орындап, Қазақстан командасын алға шығарды. Ал 12-минутта Салахеддин Улад есепті теңестірді.
Матчтың негізгі эпизодтарының бірі «Риганың» пенальтиді пайдалана алмауы болды. 28-минутта Мохамед Бадамози «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбековті жеңе алмады.
Sportacentrs басылымы өз материалында «Риганың» қарсыласына қысым көрсеткенін, алайда пенальтиді пайдалана алмай, еурокубоктың негізгі кезеңіндегі дебюттік матчында бір ұпаймен шектелгенін атап өтті.
Sportazinas.com порталы кездесудің алаң иелері үшін сәтсіз басталғанына назар аударды. Олар есепті жылдам теңестіргенімен, он бір метрлік белгі арқылы алға шығу мүмкіндігін пайдалана алмады.
LSM қоғамдық басылымы да «Риганың» Конференциялар лигасының негізгі кезеңіндегі дебютіне тоқталды. Материалда Латвия командасының допқа көбірек иелік еткенімен, Қазақстан клубын жеңе алмағаны жазылған.
Сонымен қатар «Риганың» қорғаушысы Максим Тонишев Latvijas Televīzija телеарнасына берген сұхбатында нәтижеге көңілі толмағанын айтты. Оның сөзінше, футболшылар өздерін қарсыластан мықтырақ санаған. Сондықтан тең нәтижені бір ұпайға ие болу емес, екі ұпайдан айырылу деп қабылдайды.
«Біз допты көбірек бақыладық, ойынды бір қапталдан екіншісіне ауыстырып отырдық, бос аймақтар пайда болды», - деді футболшы команданың алғашқы таймдағы ойыны туралы.
Алайда оның айтуынша, үзілістен кейін «Рига» басқаша әрекет етті.
«Екінші таймда біз сәл басқаша ойнай бастадық, неге екенін білмеймін. Допты бірден қапталға ауыстырып, шабуылды сол жерде дамытқымыз келді. Меніңше, екінші таймда көрсеткен ойынымыз ең жақсы нұсқа болған жоқ. Бірақ бізде бәрібір мүмкіндіктер болды және жеңе алатын едік», - деді Тонишев.
Қорғаушы команда бұдан да сәтті нәтижеге үміт артқанын атап өтті.
«Біз өзімізді қарсыластан мықтырақ сезіндік. Сондықтан тең нәтижені бір ұпайға ие болу емес, екі ұпайдан айырылу деп қабылдаймыз», — деп футболшының сөзін LSM келтіреді.
Осылайша, Латвия БАҚ-ы жіберілген пенальти мен Конференциялар лигасының негізгі кезеңін жеңіспен бастау мүмкіндігінің қолдан кеткенін атап өтті. «Қайрат» Ригадан бір ұпай алып қайтты.