Латвияның төрт дүркін чемпионы: «Қайраттың» Конференция лигасындағы қарсыласы туралы не белгілі?
Бейсенбі, 15 қазанда алматылық «Қайрат» Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы турда Латвияның «Рига» клубымен сырт алаңда ойнайды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Латвия астанасының клубы 2015 жылы құрылған. 11 жылдан кейін команда өз тарихында алғаш рет еурокубоктың негізгі кезеңінде өнер көрсетеді. Өткен маусымда клуб елдің жоғары дивизионында чемпион атанып, РФШ командасынан бір ұпайға озып кетті. 36 турдың қорытындысы бойынша «Рига» 88 ұпай жинаса, қарсыласы 87 ұпай еншіледі.
Айта кетейік, өткен маусымнан бөлек, «Рига» 2018, 2019 және 2020 жылдары да ел чемпионы атанған. Сонымен қатар клуб 2018 және 2023 жылдары Латвия кубогын жеңіп алды.
«Рига» Конференция лигасының жалпы кезеңіне қалай өтті?
Латвиялық команда еурокубоктағы жолын Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінен бастады. Алайда армяндық «Арарат-Армения» клубынан өте алмады. Осыдан кейін команда Конференция лигасында өнер көрсетуін жалғастырды.
Алдымен латвиялықтар Солтүстік Македонияның «Вардар» клубын екі матчтың қорытындысы бойынша 8:4 есебімен жеңді. Кейін Венгрияның «Дьёр» командасынан 2:1 есебімен басым түсті.
Шешуші кезеңде «Рига» Фарер аралдарының Клаксвуйк қаласынан шыққан КИ клубымен кездесті. Алғашқы матч 0:0 есебімен аяқталса, қарымта ойында латвиялық команда 2:1 есебімен жеңіске жетіп, турнирдің жалпы кезеңіне жолдама алды.
Команда құрамы және турнирлік жағдайы
Латвия чемпионатының 32 турында «Рига» 76 ұпай жинап, РФШ командасынан бір ұпайға қалып келеді. Дегенмен, «Рига» қарсыласына қарағанда бір матч аз өткізген.
Transfermarkt порталы клубтың нарықтық құнын 15,48 миллион еуроға бағалайды. Команда құрамында Латвияның жеті футболшысы бар. Қалған ойыншылардың басым бөлігі Африка елдері мен Бразилиядан келген.
Команданың үздік сұрмергені - Гамбия өкілі Мохамед Бадамоси. Ол Латвия чемпионатының 29 турында 21 гол соғып, алты нәтижелі пас берген.
Сондай-ақ Нидерланд өкілі Салах-эд-Дин Улад М’Ханданы атап өткен жөн. Ол чемпионаттағы 32 матчта тоғыз гол соғып, 10 нәтижелі пас берген. Қазіргі уақытта ол команданың үздік ассистенті саналады.
«Рига» – «Қайрат». Конференция лигасының матчын онлайн көру. LIVE-трансляция