«Имиджілік шығын»: Токсанбаеваны Азия ойындарындағы алтыннан айырған кінәлі табылды
Қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Токсанбаеваның Азия ойындарындағы алтын медалінен айырылуына қатысты жағдай әлі де шешімін тапқан жоқ. Ұлттық олимпиадалық комитет тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр, ал жаттықтырушылар штабының жұмысына сұрақтар туындады, деп хабарлайды Sports.kz.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігіне қарасты Спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметінің жетекшісі Аян Төлеген Zidan4eg Live-пен әңгімесінде мәлімдеді.
Төлегеннің айтуынша, тексеру әлі жалғасып жатқандықтан, түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте. Сонымен қатар ол жаттықтырушылар штабының спортшыларды дайындаумен ғана емес, регламенттің сақталуына, құжаттардың уақытылы тапсырылуына және ережелердегі өзгерістердің түсіндірілуіне де жауапты екенін атап өтті.
«Жаттықтырушылар штабы өз жұмысын тиісінше атқармаған сияқты әсер бар. Соның салдарынан кейін Федерацияға да, Ұлттық олимпиадалық комитетке де, жалпы мемлекетке де араласуға тура келді. Алайда бастапқыда мұның бәріне жол бермеу керек еді. Ол үшін жаттықтырушылар өз жұмысын атқаруы тиіс болатын. Тек жүгіру жолағында ғана емес, кабинетте де. Бұл шын мәнінде өте маңызды», - деді Төлеген.
Жауапты тұлғаларға қатысты ықтимал санкциялар туралы сұраққа жауап берген спорт ведомствосының өкілі жаза қолданылуы мүмкін екенін айтты.
«Шынымды айтсам, бұл сөз біздің әңгімемізде мейнстримге айналғандай — хирургиялық араласу. Мен... Қан керек деуге болады. Жоқ, бірдеңе жасау керек, өйткені бұл тек жеке спортшының алтыннан айырылуы ғана емес. Бұл — имиджілік шығын», — деді ол.
Төлеген сондай-ақ болған жағдайдың салдары бір спортшының тағдырымен ғана шектелмейтінін, өйткені мұндай оқиғалар бүкіл Қазақстанның беделіне нұқсан келтіретінін атап өтті.
Сонымен қатар ол Токсанбаеваны оқиғадан кейін қолдаған Жеңіл атлетика федерациясының жедел әрекетіне назар аударды. Ведомство өкілінің айтуынша, спортшыға жақсы жағдай жасау жоспарланып отыр. Атап айтқанда, оған пәтер және басқа да ықтимал бонустар берілуі мүмкін.
Еске сала кетейік, Ясмина Токсанбаева бұған дейін Азия ойындарындағы алтын медалінен айырылғанына әлі де алаңдайтынын айтқан еді. Сонымен қатар жеңіл атлет жарыстарын жалғастырып, бұдан да жоғары деңгейдегі жүлделер үшін күресуге дайын екенін мәлімдеген болатын.