«Бернли» - «Бристоль Сити»: Дастан Сәтпаев қатысуы мүмкін матчты қайдан көруге болады
5 қыркүйекте «Бернли» Чемпионшиптің бесінші турында өз алаңында «Бристоль Ситиді» қабылдайды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұл кездесуде қазақстандық жанкүйерлердің назары Дастан Сәтпаевқа ауады. Қазақстан құрамасының шабуылшысы ағылшын клубы сапында төрт матч өткізіп үлгерді: үшеуі Чемпионшипте, біреуі Англия лигасының кубогында.
«Мидлсброға» қарсы өткен алдыңғы ойында Сәтпаев негізгі құрамнан шығып, алаң иелерінің ең белсенді футболшыларының бірі болды. 1:1 есебімен аяқталған кездесуде қазақстандық ойыншы алаңнан жанкүйерлердің қошеметімен шығып, матчтан кейін үздік футболшы жүлдесін алды.
Әзірге Сәтпаев «Бернли» сапында гол немесе нәтижелі паспен көзге түскен жоқ. Сондықтан «Бристоль Ситиге» қарсы кездесу оның Англиядағы алғашқы нәтижелі әрекетін жасауына тағы бір мүмкіндік болмақ.
«Бернли» төрт турдан кейін Чемпионшип турнирлік кестесінің төменгі бөлігінде тұр. Команда екі ұпай жинап, 23-орынға жайғасқан. Осы себепті өз алаңындағы кезекті матч клуб үшін маңызды болмақ.
«Бернли» - «Бристоль Сити» матчы Қазақстан уақытымен 19:00-де басталады. Кездесудің тікелей трансляциясын осы жерден көруге болады.