«Бернли» бапкері Дастан Сәтпаевтың жарақаттан кейін қашан оралатынын айтты
«Бернлидің» бас бапкері Ники Хэйен Дастан Сәтпаевтың жарақат алғанын растап, қазақстандық футболшының алаңға оралу мерзіміне қатысты алғашқы мәліметті жариялады, деп хабарлайды Sports24.kz.
18 жастағы шабуылшы Чемпионшип аясындағы «Мидлсброға» қарсы кездесуде жарақат алды. Матчтың соңғы бөлігінде Сәтпаев ауыстырылды, ал алаңнан кетер алдында санының артқы жағын ұстап тұрғаны байқалды. Осы жарақатына байланысты қазақстандық футболшы «Бристоль Ситиге» қарсы келесі ойынның өтініміне енген жоқ.
Кездесуден кейін «Бернлидің» бас бапкері Сәтпаевқа қалпына келу үшін бірнеше апта қажет болатынын растады.
«Иә, өкінішке қарай, ол бірнеше апта бойы алаңға шыға алмайды», - деді Хэйен.
Ағылшын клубының бапкері жарақатты футболшының маусым алдындағы дайындығымен де байланыстырды. Оның айтуынша, бапкерлер штабы ойыншыларға қажетті жүктеме беру мен олардың денсаулығын сақтаудың арасындағы тепе-теңдікті табуға тырысады.
«Бұл - назар аударуды қажет ететін белгілердің бірі. Бұған дейін де айтқанымдай, ол маусым алдындағы дайындықтан өтті, бірақ оны толыққанды дайындық деп айта алмаймыз. Біз футболшыларға қажетті жүктеме беруге тырысамыз, сонымен бірге оларды қорғауымыз керек. Мұнда дұрыс тепе-теңдікті табу өте маңызды», - деді бас бапкер.

Сәтпаев «Бернли» сапында жалға алу келісімі бойынша өнер көрсетіп жүр. «Мидлсброға» қарсы алдыңғы кездесуде қазақстандық футболшы негізгі құрамда алаңға шығып, 81 минут ойнады. Матч 1:1 есебімен аяқталды, ал Дастан өз командасының ең белсенді ойыншыларының бірі болды.
Сәтпаевсыз «Бернли» Чемпионшиптің бесінші турында өз алаңында «Бристоль Ситиді» қабылдады. 56-минутта Аарон Рэмзи есеп ашқанымен, алаң иелері басымдықты сақтап қала алмады. 82-минутта Роб Дики таразы басын теңестірсе, қосымша уақытта Ю Хиракава қонақтарға жеңіс сыйлады - 2:1.
Бес турдан кейін «Бернли» екі ұпай жинап, турнир кестесінің төменгі бөлігіне жайғасты. Енді команда бірнеше апта бойы жарақатынан айығатын Сәтпаевсыз өнер көрсетуге мәжбүр.