«Бернли» Сатпаевпен бірге «Мидлсбромен» тең түсті
Англия Чемпионшипінің 4-туры аясындағы «Бернли» мен «Мидлсбро» арасындағы матч тең есеппен аяқталды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Командалар үзіліске қонақтардың минималды басымдығымен аттанды. 23-минутта Моррис «Терф Мур» стадионында есеп ашты. Алаң иелері 54-минутта Рагубердің дәл соққысымен жауап берді. Осылайша командалар 1:1 есебімен тең тарқасты.
«Бернли» шабуылшысы Дастан Сатпаев ойынды алғашқы минуттан бастап, алаңда 80 минут өткізді. Кейін оны алмастырды.
Қазақстан құрамасының шабуылшысы белсенді ойнап, тіпті екінші таймда гол соғуы мүмкін еді. Алайда қақпашымен бетпе-бет шыққан сәтін пайдалана алмады – қарсылас қақпашысы оның соққысын қайтарды. Дастан нәтижелі пас авторы да атануы мүмкін еді, бірақ серіктесі мүмкіндігін дәл пайдалана алмады.
Осы нәтижеден кейін «Бернли» ұпай санын 2-ге жеткізіп, Чемпионшип турнир кестесінде соңғының алдындағы 23-орында қалды. Ал «Мидлсбро» 7 ұпаймен бесінші орынға көтерілді.