«Бұған қашанға дейін төземіз?»: «Аталанта» жанкүйерлері «Қайратпен» тең түскен команданы сынға алды
УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі үшінші турда «Аталантаның» алматылық «Қайратпен» тең түсуі италиялық жанкүйерлердің наразылығын тудырды. Бергамолық клуб өз алаңында жеңілістен құтылғанымен, командаға көңілі толмаған жанкүйерлер бас бапкер Маурицио Сарридің жұмысына сын айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
5 қарашада Бергамода өткен кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Қазақстандық клуб 53-минутта Марк Гуальдың голынан кейін алға шықты. Алаң иелері тек 82-минутта Никола Крстовичтің дәл соққысы арқылы есепті теңестірді.
Матч аяқталған соң «Аталантаның» Instagram парақшасында жарияланған жазбаның астында қызу пікірталас басталды. Sports24.kz италиялық жанкүйерлердің ең көп талқыланған пікірлерін жинақтады.
Көпшіліктің назарын екі клубтың қаржылық мүмкіндіктері арасындағы айырмашылық аударды. Кейбір жанкүйерлер құрамы әлдеқайда қымбат бағаланатын команданың қазақстандық қарсыласынан басым түсе алмағанына таңданыс білдірді.
«Біздің құрамның құны шамамен 450 миллион еуро, ал «Қайраттікі» небәрі тоғыз миллионға жуық. Соған қарамастан, жеңіліп қала жаздадық. Бұл қалай болғаны?» – деп жазды жанкүйерлердің бірі.
«Біздің 23 жасқа дейінгі командамыздың құны 19 миллион еуро. Ал негізгі құрам қарсыластан 45 есе қымбат. Сонда да жеңілістен әрең құтылдық. Мұны қалай түсінуге болады?» – деп наразылық білдірді ол.

Жанкүйерлердің ең көп сыны бас бапкер Маурицио Сарриге бағытталды. Бірқатар қолданушы команданың соңғы нәтижелеріне көңілі толмайтынын айтып, бапкерлер штабында өзгеріс жасау қажеттігін көтерді.
«Сарри мен Джунтоли кетуі керек. Команданың бұрынғы ойынын қайтарыңдар. Біз қарсыласты жеке шеберлікпен ұта алатын футболды қайта көргіміз келеді», – делінген пікірлердің бірінде.
«Клуб басшылығы әрекетке көшіп, Сарриді дереу қызметінен босатуы тиіс», – деп жазды ол.
«Тағы бір сәтсіз ойын. Осылай жалғаса берсе, еурокубок матчтарын үйде теледидардан көретін боламыз. Ал А сериясында қалу үшін күресуге тура келеді», – деп жазды көңілі қалған жанкүйер.
«Бапкерді қызметінен босату үшін тағы қанша осындай нашар матч көруіміз керек?» – деп сұрады ол.

Италиялық жанкүйерлерді есептен бөлек, команданың алаңдағы әрекеті де алаңдатқан. Олардың пікірінше, «Аталанта» шабуыл ұйымдастыруда қиналып, қарсылас қақпасына айтарлықтай қауіп төндіре алмаған.
«Мен бүгін алаңнан ешқандай ойын көрмедім. Қауіпті сәттер жасалмады, футболшылар бір орында тұрғандай болды. Команда әрі қарай қалай ойнау керегін білмейтін сияқты. Сарридің тактикалық шешімдері нәтиже бермей жатыр, ал ойыншылар өздеріне деген сенімді жоғалтып барады», – деп пікір білдірді жанкүйерлердің бірі.
«Крстович бізді толық сәтсіздіктен құтқарып жүр! Бірақ мені тең нәтижеден де қатты алаңдататыны – команданың бұрыштама добын дұрыс пайдалана алмауы. Барлық доп жақын бағанаға бағытталады. Басқа әдіс ойлап табуға болмай ма?» – деп жазды қолданушы.
«Никола Крстовичке ескерткіш орнатыңдар! Ол бізді нағыз апаттан құтқарып жүр», – делінген пікірде.
Осылайша, «Қайратпен» тең ойын италиялық жанкүйерлер арасында үлкен пікірталас туғызды. Наразылық білдіргендердің басым бөлігі тек нәтижені емес, команданың ойын сапасын, Сарридің тактикалық шешімдерін және қарсыласынан басым түсе алмағанын сынға алды.
Үш турдың қорытындысы бойынша «Аталанта» төрт ұпай жинаса, «Қайраттың» еншісінде екі ұпай бар. Алайда бергамолық клубтың бірқатар жанкүйері үшін соңғы минуттарда сақтап қалған тең нәтиженің өзі көңіл көншітерлік жетістік бола алмады.
