«Гуаль – шебер»: Қазақстан құрамасының бұрынғы жаттықтырушысы «Қайраттың» «Аталантаға» қарсы ойынына баға берді
Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Әли Әлиев Sports24.kz тілшісіне берген сұхбатында Конференциялар лигасы аясында италиялық «Аталантаға» қарсы ойнаған алматылық «Қайраттың» матчын бағалады. Кездесу 1:1 есебімен аяқталған болатын.
Маман команданың жетістігіне ойын жүйесінің өзгеруі себеп болғанын атап өтті.
«Үш орталық қорғаушыға негізделген ойын сызбасын таңдау өз жемісін берді. Команда төменгі блокта өте жақсы қорғанды. Ал шабуылда Гуаль мен Эдмилсон секілді доп тартып алуға көмектесетін, одан кейін қарсылас берген кеңістікті пайдаланып, жылдам қарсы шабуылға шығатын ойыншылар болды. «Қайрат» маусым барысында үш орталық қорғаушымен сирек ойнады. Қарсыласты жақсы талдап, осындай шешім қабылдады және бұл тактика іске асып, дұрыс таңдау болғанын көрсетті», – деді сарапшы.
Гуаль – шебер
Әлиевтің айтуынша, ойын жоспарының дұрыс таңдалғанын италиялықтардың қарсылас қақпасына жол таба алмағаны және Марк Гуальдің соққан голы дәлелдеді.
«Аталанта» өз әрекеттерімен «Қайраттың» қақпасына жол таба алмады. Ойын жоспарын таңдап, оны толық орындаған «Қайрат» тең нәтижеге қол жеткізді. Мұндай қарсыласпен матчқа арналған жоспар дәл осындай болуы керек еді. Гуальдің голы соны дәлелдейді. Біріншіден, ол мұндай голды алғаш рет соғып тұрған жоқ. Ол – шебер. Чемпионатта да екі-үш қарсыласынан қашып шығып, осындай голдар соққан. Сонымен қатар гол соғып немесе нәтижелі пас бере алатын тағы екі-үш сәті болды», – деді маман.
Қазақстан құрамасының бұрынғы жаттықтырушысы «Аталантаны» жеңу үшін командаға не жетіспегенін де айтып берді.
«Не сәтсіз болды? Мұндай қарсыласпен бірінші нөмірмен ойнап, допты бақылауда ұстап, пас алмасу арқылы қауіпті сәттер жасау өте қиын. Әрине, бұрыштама добын орындаған сәтте барынша мұқият ойнау керек еді. Сонда «Қайрат» үшін матч мінсіз өтер еді. Бергамоға барып, сол жерде қарсыласты жеңу – үлкен жетістік болар еді», – деп бөлісті Әлиев.
Еске салайық, «Қайрат» «Аталантаға» қарсы сырт алаңдағы матчта бір ұпай жинап, Бергамодағы кездесуді 1:1 есебімен аяқтады. 53-минутта Марк Гуаль есеп ашқанымен, 82-минутта Никола Крстович италиялық клубты жеңілістен құтқарып қалды.
Бұған дейін «Қайраттың» қорғаушысы Луиш Мата матч нәтижесіне баға беріп, команда жеңіске үміт артқанын, алайда жинаған ұпайына көңілі толатынын айтқан еді.
Алматылықтар Конференциялар лигасындағы келесі матчын 26 қарашада швециялық «Мьельбюге» қарсы өткізеді. Сол күні «Аталанта» босниялық «Борацпен» ойнайды