Елена Рыбакина WTA қорытынды турнирінде екі миллион долларға жуық сыйақыдан қағылуы мүмкін: не болды
Әлемнің бірінші ракеткасы, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина 8–15 қараша аралығында АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтетін WTA қорытынды турнирінде жеңіске жеткен күннің өзінде былтырғыдан әлдеқайда аз сыйақы алуы мүмкін. Ұйымдастырушылар жарыстың жалпы жүлде қорын үштен бірінен астам мөлшерге қысқартқан, деп хабарлайды Sports24.kz Tennis Tonic басылымына сілтеме жасап.
Биыл турнирдің жалпы жүлде қоры 10 миллион долларды құрайды. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 15,5 миллион доллар болған. Осылайша, ақшалай сыйақы көлемі 5,5 миллион долларға немесе шамамен 35,5 пайызға азайған. Оның сегіз миллионы жекелей сында, қалған екі миллионы жұптық бәсекеде сарапқа салынады.
Ең үлкен айырмашылық турнир жеңімпазына берілетін сыйақыдан байқалады. 2025 жылы Рыбакина Эр-Риядта өткен қорытынды турнирде бес кездесудің барлығында жеңіске жеткен. Қазақстандық теннисші финалда Арина Соболенконы ұтып, 5,235 миллион доллар табыс тапқан еді.
Ал биыл дәл осындай нәтижені қайталаған жағдайда оның сыйақысы 3,37 миллион доллар болады. Демек, Рыбакина чемпиондық атағын бірде-бір жеңіліссіз қорғап шықса да, өткен жылмен салыстырғанда 1,865 миллион долларға аз қаражат алады.
Ақшалай төлемдердің қысқаруы жарыстың жекелеген кезеңдеріне де әсер етті. Топтық кезеңдегі үш матчқа қатысқаны үшін әр теннисшіге 220 мың доллар қарастырылған. Ал әр жеңіс қосымша 230 мың доллар әкеледі.
Жартылай финалда жеңіске жеткен спортшы тағы 820 мың доллар табыс тапса, шешуші кездесуде топ жарған теннисшіге 1,64 миллион доллар төленеді.
Дегенмен рейтингтік ұпайларды есептеу тәртібі өзгерген жоқ. Турнирді жеңіліссіз аяқтаған чемпион 1500 ұпай иеленеді.
Рыбакина жарысты америкалық Кори Гауфф пен Джессика Пегула, сондай-ақ чехиялық Линда Носковамен бір топта бастайды. Қазақстандық спортшы алғашқы кездесуін 8 қарашада Носковаға қарсы өткізеді. Әр топтан үздік нәтиже көрсеткен екі теннисші жартылай финалға жолдама алады.
Бұған дейін Елена Рыбакина WTA қорытынды турниріне арналған ресми фотосессиядағы ерекше образы арқылы да көпшіліктің назарын аударған еді. Қазақстандық теннисші өзге қатысушылармен бірге Courtside Couture жобасы аясында ұйымдастырылған сәнді фототүсірілімге қатысты.
WTA қорытынды турнирі 15 қарашада аяқталады. Рыбакина бұл жарыста былтырғы чемпиондық атағын қорғап, әлемдік рейтингтің көшбасшысы ретінде өнер көрсетеді.