«Қарсыласқа гол соғуға өзіміз мүмкіндік бердік»: Сарри «Қайратпен» өткен тең ойын туралы айтты
«Аталантаның» бас бапкері Маурицио Сарри УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі үшінші турда алматылық «Қайратпен» өткен кездесуді қорытындылады. Бергамодағы матч 1:1 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Италиялық маман шәкірттерінің жеңіске жетуге мүмкіндігі болғанын, алайда жіберілген қателіктер қарсыластың есеп ашуына жол бергенін мойындады. Сонымен қатар Сарри командадағы кадр тапшылығына тоқталды. Бірқатар негізгі футболшының жарақатына байланысты бапкерлер штабы үйреншікті құрамды өзгертіп, жас ойыншыларға сенім артуға мәжбүр болған.
«Барлық мәселеміз бір кеште шешіледі деп ойлау аңғалдық болар еді. Қазір жарақат алған ойыншыларымыз көп. Кейбір футболшыларға медициналық штаб алаңда шектеулі уақыт өткізуге ғана рұқсат берді. Соған қарамастан, біз әлдеқайда жақсы ойнай алар едік. Қарсыластың гол соғуына өзіміз жол бердік. Шабуыл кезінде жылдамырақ шешім қабылдап, допты көп ұстамауымыз керек. Біз баяу қимылдаған сайын қарсыластың қорғанысын жеңілдетеміз. Дегенмен футболшылардың жігерін ерекше атап өткім келеді. Олардың күресуге деген ынтасына айтарлықтай шағымым жоқ. Команда соңғы минуттарға дейін жағдайды өзгертуге тырысты. Иделенің 90 минут толық ойнағанына қуаныштымын. Бұл еурокубок кездесуінде клуб академиясынан шыққан төрт қорғаушыға мүмкіндік бердік. Қазір жас футболшыларға және бір-бірімен әлі толық үйлесіп үлгермеген ойыншыларға сенім артуға тура келеді. Қателіктер аз болған жоқ, бірақ бар жауапкершілікті бір адамға арту дұрыс емес», – деді Сарри.
Еске салайық, «Қайрат» 53-минутта Марк Гуаль соққан голдың арқасында есеп ашты. Алаң иелері тек 82-минутта Никола Крстовичтің дәл соққысынан кейін таразы басын теңестірді.
Үш турдың қорытындысы бойынша «Аталанта» төрт ұпай жинаса, алматылық клубтың еншісінде екі ұпай бар.