Роналдиньо 11 жылдан кейін үлкен футболға оралады
Бразилия футболының аңызы Роналдиньо соңғы ресми матчынан 11 жыл өткен соң кәсіби деңгейге сенсациялық түрде оралуға дайындалып жатыр. «Барселона», «Милан» және Бразилия құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы 15 қарашада Италияның «Равенна» клубы сапында «Форлиге» қарсы С сериясындағы матчта алаңға шығуы тиіс, деп хабарлайды Sports24.kz BBC Sport-қа сілтеме жасап.
46 жастағы бразилиялық Италияға 13 қарашада келіп, алдағы ойынға дайындықты бастады. Дегенмен алаңға оралмас бұрын Роналдиньо жаңа әріптестерімен небәрі бір рет ортақ жаттығу өткізеді. BBC мәліметінше, «Равеннаның» бас бапкері Андреа Мандорлини атақты футболшыны негізгі құрамда шығаруға дайын екенін растаған. Бапкерлер штабы бразилиялықтың физикалық жағдайын ескере отырып, оның алаңда қанша уақыт болатынын шешпек.
«Ол ойынды алғашқы минуттардан бастайды, бұған еш күмән жоқ. Одан кейін қанша ойнайтынын бірге шешеміз. Ол — қазіргі заманның ең көрнекті ойыншыларының бірі. Ал біз нәтижеге қол жеткізуіміз керек. Біз әрдайым үш шабуылшымен ойнаймыз. Ол солардың бірі болады», - деді Мандорлини.
Атақты бразилиялықтың қайта оралуы италиялық жанкүйерлердің ерекше қызығушылығын тудырды. «Равенна» басшылығы «Форлиге» қарсы алдағы матчқа арнайы бағдарлама әзірлеп, үшінші дивизион ойынын ауқымды футбол мерекесіне айналдырды. «Бруно Бенелли» стадионында 1800 көрерменге арналған R10 атты қосымша трибуна орнатылды. Оның атауы Роналдиньоның әйгілі ойын нөміріне орай қойылған.
Матч 15 қарашада Қазақстан уақытымен 21:30-да өтеді. «Равенна» үшін Бразилия футболының аңызының қатысуы тек спорттық оқиға ғана емес, сонымен қатар клуб пен Италияның С сериясына қосымша назар аударту мүмкіндігі болмақ.
Еске сала кетейік, Роналдиньо кәсіби мансабын 2018 жылғы қаңтарда аяқтағанымен, оның ресми матчтағы соңғы ойыны 2015 жылғы қыркүйекте, Бразилияның «Флуминенсе» клубында жүрген кезінде болған. Мансабында футболшы «Гремио», «Пари Сен-Жермен», «Барселона», «Милан», «Фламенго», «Атлетико Минейро» және «Флуминенсе» клубтарының намысын қорғады. Бразилиялық футболшы каталондық «Барселона» сапындағы ойынымен кеңінен танылды: клубпен бірге 2006 жылы Чемпиондар лигасын жеңіп алып, Испания чемпионы атанды. 2005 жылы Роналдиньо «Алтын доп» жүлдесін иеленсе, Бразилия құрамасы сапында 2002 жылғы әлем чемпионы болды.