Қазақстан Еуро іріктеуінде Австрияны 7:0 есебімен тас-талқан етті
Қазақстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы 2027 жылғы Еуропа чемпионатының бірінші іріктеу кезеңінде Австрияны ірі есеппен жеңді. Грузияның Кутаиси қаласында өткен кездесу қарсыластың 7:0 есебімен ойсырай жеңілуімен аяқталды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстандық футболшылар алғашқы минуттардан-ақ бастаманы қолға алып, үзіліске дейін төрт голдық басымдыққа ие болды.
Есепті 19-минутта Роман Черноморец ашты. 21-минутта Ануар Толенды командасының басымдығын еселей түсті, ал араға үш минут салып, дубль жасап, есепті 3:0-ге жеткізді. Үзіліс алдындағы соңғы сәтте Австрия қақпасына төртінші голды Салим Хасанов соқты. Екінші тайм басталғаннан кейін де қазақстандықтар қарқынын бәсеңдетпей, басымдығын ұлғайта түсті. 60-минутта Ислам Рашидов көзге түссе, араға үш минут салып Роман Черноморец матчтағы екінші голын соқты. 78-минутта Ибрахим Асан қорытынды есепті белгіледі — 7:0.
Австрияны ойсырата жеңгенінің арқасында Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы 2027 жылғы Еуропа чемпионатының екінші іріктеу кезеңіндегі А лигасына жолдама алды. Қазақстандықтар 14-топта өнер көрсетіп жатыр, олардың қарсыластары — Австрия мен Грузия құрамалары. 11 қарашада өткен шағын турнирдің алғашқы кездесуінде Австрия мен Грузия футболшылары жеңімпазды анықтай алмады — 0:0. Екі матчтан кейін Австрия топтағы өнерін бір ұпаймен аяқтаса, Қазақстан алғашқы кездесуінен-ақ үш ұпай жинады.
Қазақстандық футболшылар шағын турнирдің қожайыны Грузия құрамасына қарсы соңғы матчты 17 қарашада өткізеді. Бұл кездесу топтағы орындардың түпкілікті бөлінуін анықтайды, алайда Қазақстан іріктеудің келесі кезеңіне жолдаманы әлдеқашан қамтамасыз етті.