«Қайрат» сырт алаңда «Левскимен» тең нәтижені қолдан шығарып алды
«Қайрат» Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матч үшін Софияға, жергілікті «Левскиге» қонаққа барды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ойын бойы алаң иелері басымдыққа ие болып, Темірлан Анарбековтің қақпасына үнемі қауіп төндіріп отырды. Әсіресе, кездесудің екінші жартысында болгар командасы шабуылын үдете түсті.
Алайда, Қазақстан командасының қақпашысы сенімді ойнап, негізгі уақыттың соңына дейін қақпасын голдан сақтап қалды. Бірақ матчтың соңғы секундтарында алаң иелері Сержиньоның голының арқасында жеңісті жұлып әкетті.
Жауапты кездесу келесі сейсенбі, 11 тамыз күні Түркістандағы «Түркістан Аренада» өтеді.
Егер Рафаэль Уразбахтиннің командасы болгар ұжымынан басым түссе, Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде гректің АЕК командасымен кездеседі. Матчтар 18/19 тамызда (бірінші ойын) және 25/26 тамызда (жауапты кездесу) өтеді.
ЧЛ плей-оффының финалдық кезеңіне шыққан жағдайда, Қазақстан чемпионы кем дегенде Еуропа лигасының негізгі кезеңіне жолдама алады. Ал «Левски» кедергісінен өте алмаса, алматылықтар Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне түсіп, күзде не Еуропа лигасында, не УЕФА Конференциялар лигасында бақ сынайды.
Чемпиондар лигасының 3-іктеу кезеңі
«Левски» – «Қайрат» 1:0
Гол: Сержиньо, 90+2