«Ақтөбе» Чемпиондар лигасында драмалық жеңіске жетті
«Ақтөбе» әйелдер командасы УЕФА әйелдер Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі шағын турнирдің жартылай финалында исландиялық «Брейдаблик» клубымен кездесті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстандық ұжым өз алаңындағы матчта есепті 12-минутта ашты. Алғашқы голдың авторы – Екатерина Бабшук. Алайда төрт минут өткен соң қонақтар сапынан Кейтлин Дуонг таразы басын теңестірді. Бұл кездесуде негізгі де, қосымша уақытта да басқа гол тіркелмеді.
Жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Дәл осы сәтте қазақстандық клубтың футболшы қыздары мүлт кеткен жоқ.
Шағын турнирдің финалында қазақстандық команда Швейцарияның «Серветт» клубымен кездеседі. Финалдық матчтың басты жүлдесі – әйелдер Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жолдама.
Айта кетейік, бұған дейін Игорь Черевченко ерлер командасының бас бапкері ретіндегі алғашқы матчын қорытындылаған еді.