locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Левскидің» бас бапкері «Қайраттың» деңгейіне жоғары баға берді

Хулио Веласкес алматылық клубты тәртіпті әрі тактикалық тұрғыда жан-жақты команда деп атады
«Левскидің» бас бапкері «Қайраттың» деңгейіне жоғары баға берді
ФОТО: ФК Левски

Софияның «Левски» клубының бас бапкері Хулио Веласкес Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матч қарсаңында алматылық «Қайрат» туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.

Испаниялық маманның айтуынша, Қазақстан чемпионы соңғы маусымдағы нәтижелері мен Еуропадағы өнерінің арқасында үлкен құрметке лайық.

«Меніңше, «Қайрат» өткен маусымда атқарған ісі үшін де, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққаны үшін де жоғары бағалануы тиіс. Бұл – клубтың деңгейі мен жинаған тәжірибесін көрсететін маңызды көрсеткіш», – деді Веласкес.

Ол сондай-ақ алматылық команданың ойын жүйесіне ерекше тоқталды.

«Қайрат» - өте жақсы ұйымдасқан ұжым. Құрамындағы көптеген футболшыларды білемін. Команданың ойын мәнері айқын қалыптасқан, қажет кезде тактиканы да өзгерте алады. Олар төрт те, бес қорғаушымен де ойнай алады. Сондықтан біз қарсыластың кез келген шешіміне дайын болуымыз керек. Бұл команда өз жетістіктерімен мұндай мақтауға әбден лайық», – деді бапкер.

Веласкес «Қайратты» «Левскидің» алдыңғы қарсыласы – Румынияның «Университатя Крайова» клубымен салыстыру дұрыс емес екенін де айтты.

«Бұл – мүлде екі бөлек команда. Олардың ойын стилі де, футболшылары да өзгеше. Сондықтан мұндай салыстырудың қажеті жоқ», – деп түйіндеді ол.

ФОТО: ФК Левски

«Левски» мен «Қайрат» арасындағы алғашқы кездесу 4 тамызда Софияда, ал қарымта матч 11 тамызда Түркістанда өтеді.

Еске салайық, «Қайрат» Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне Кипрдің «Омониясын» жарыс жолынан шығарып өтті. Алғашқы кездесуде жеңілген алматылықтар өз алаңында есепті теңестіріп, кейін пенальти сериясында жеңіске жетті. Осылайша Қазақстан чемпионы еурокубоктардың негізгі кезеңіне жолдаманы мерзімінен бұрын қамтамасыз етті.

Аружан Темірбек
Аружан Темірбек
Редактор
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie