Қазақстандық екі дүркін әлем чемпионының кәсіпқой рингтегі дебюттік жекпе-жегі жарияланды
Қазақстандық екі дүркін әлем чемпионы, ең жеңіл салмақта өнер көрсететін Санжар Тәшкенбайдың кәсіпқой рингтегі дебюттік жекпе-жегі жарияланды, деп хабарлайды Sports24.kz тілшісі.
Тәшкенбай IBF Asia бос белбеуі үшін Филиппиндік Нил Джакемосқа (7-1) қарсы шығады. 28 тамызда Астанада Санжар мен Нил 51 кг дейінгі салмақ дәрежесінде вакантты чемпиондық белбеуді сарапқа салады. Айқас Астанада өтетін IBA Nomad турнирі аясында өтеді.
Филиппиндік боксшы әлемдік рейтингтің ТОП-50 қатарына кіреді. Ол WBC Youth титулына үміткер болған еді, алайда Оңтүстік Африка өкілі Сисеко Тейисиге есе жіберген. Қазақстандық боксшының болашақ қарсыласы кәсіпқой рингте сегіз жекпе-жек өткізіп, жетеуінде жеңіске жетіп, бір рет жеңілген.
Санжар Тәшкенбай – екі дүркін әлем чемпионы әрі Қазақстанның үздік боксшыларының бірі. Ол өзінің алғашқы кәсіпқой жекпе-жегінде-ақ чемпиондық белбеу үшін айқасады.
Айта кетейік, бұған дейін Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) супер орта салмақ дәрежесіндегі жаңартылған рейтингін ұсынған болатын.