«Қайраттың» бұрынғы шабуылшысы Анарбектің Чемпиондар лигасындағы ойынына тәнті болды
«Қайраттың» бұрынғы шабуылшысы Жоау Пауло Sports24.kz тілшісіне берген сұхбатында алматылық клубты Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне шыққаны үшін құттықтады.
Іріктеудің екінші кезеңінде «Қайрат» Кипрдің «Омония» клубымен жолықты. Негізгі уақыт Эдмилсонның соққан голының арқасында 1:0 есебімен аяқталды. Қарсыластық тағдыры пенальти сериясында шешілді. Рафаэль Уразбахтин шәкірттері дәлдік танытып, 6:5 есебімен жеңіске жетті және басты еурокубоктың топтық кезеңіне жолдама алу үшін күресті жалғастырды.
Жоау Пауло: «Мен Анарбектің қақпасына пенальти тебуге бармас едім»
«Барлық жанкүйерлерді керемет шоуымен құттықтағым келеді, сондай-ақ пенальти сериясында тағы да жарқыраған Анарбековты бөле-жара атап өткім келеді. Мен оның қақпасына пенальти тебуге бармас едім, ха-ха. «Қайратқа» алдағы ойындарда сәттілік тілеймін», – деді бразилиялық футболшы.
Жоау Пауло – екі дүркін ҚПЛ-дың үздік сұрмергені
38 жастағы бразилиялық футболшы Қазақстанда алты жыл өнер көрсетіп, «Ордабасы» мен «Қайрат» клубтарының намысын қорғады. Ол ел клубтарында ойнаған жылдары бірнеше рет чемпионаттағы ең нәтижелі ойыншылардың қатарынан көрінді.
Жоау Пауло 2020 және 2023 жылдары екі рет ҚПЛ маусымын үздік сұрмерген ретінде аяқтады.
Бразилиялық футболшы соңғы ресми кездесуін 2025 жылдың мамырында өткізді. Сол матчтан кейін ауыр жарақат алып, ұзақ уақытқа қатардан шығып қалды. Жоау Пауло «Қайраттан» 2026 жылдың басында кетті.
«Қайрат» енді кіммен ойнайды?
Енді алматылық клуб Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Болгарияның «Левски» клубымен кездеседі. Бұл команда Румынияның «Университатя Крайова» ұжымын екі ойын қорытындысы бойынша 3:2 есебімен жеңген болатын.
Ойыннан кейін «Қайрат» капитаны Александр Мартынович жеңістің оңай болмағанын айтты, бірақ команда маусым басымен салыстырғанда жақсырақ ойнап жүргенін атап өтті.