«Қайрат» капитаны Алматыдағы сәтсіздіктен кейін Конференция лигасындағы мақсаттары туралы айтты
«Қайрат» капитаны Александр Мартинович қазақстандық команданың УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі екінші турда «Панатинаикостан» ірі есеппен жеңілуі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Рафаэль Уразбахтин шәкірттері өз алаңында 1:5 есебімен ойсырай жеңілді.
«Әрине, біз сәл басқаша ойнағымыз келді, бірақ қорғаныста сенімдірек әрекет ету керек еді. Дегенмен, біздің екі нұсқамыз болды: жай ғана қорғанып, бәрібір жеңілу, өйткені алға жүгіріп шығу қиын болды, немесе... Біз ашық футбол ойнап көруге, оларды сол жерде қыспаққа алуға тырыстық. Мұндай футбол жанкүйерлерге ұнайды. Иә, нәтиже біздің пайдамызға шешілмеді, бірақ қарсылас та өте жақсы көрінді — мұны мойындау керек. Біз, шамасы, тырыстық, бізге айтылған тапсырмаларды орындадық — қысым жасауға тырыстық, жеке-жеке ойнадық... Бірақ бұл жерде бірінші орынға футболшылардың жеке шеберлігі шыққан шығар. Бұл ойын қарсыластардың жеке шеберлігі жоғары екенін көрсетті.
Конференция лигасындағы мақсаттарымыз қандай? Біз ойыннан ойынға жылжып келеміз. Әрине, ұпай жинағымыз келеді, үздіктер қатарына қосылғымыз келеді. Бірақ, мені есептемегенде, біздің командамыз өте жас, сондықтан әлі де көп тәжірибе жинауымыз керек. Бұл турнир командаға өсуге және алға жылжуға көп мүмкіндік береді.
Сондықтан біз кез келген жағдайда ұпай жинауға тырысамыз және бар күшімізді, қолымыздағы жүз пайыз мүмкіндігімізді саламыз. Бірақ мұнда қарсыластың деңгейін де ескеру қажет. Егер шеберлігіміз қарсыластан басым түсуге мүмкіндік берсе, әрине, бұл үшін бар күшімізді жұмсаймыз», - деп Мартиновичтің сөзін келтіреді Sports.kz.
Конференция лигасындағы екі турдан кейін «Қайраттың» еншісінде бір ғана ұпай қалды. 5 қарашада Уразбахтин командасы Бергамода «Аталантамен» кездеседі.