«Қайрат» - «Панатинаикос»: КЛ матчының тікелей трансляциясы. Онлайн көру
Бейсенбі, 22 қазанда алматылық «Қайрат» Конференциялар лигасы жалпы кезеңінің екінші турында грек командасы «Панатинаикоспен» өз алаңында кездеседі, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ойын Алматының Орталық стадионында өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен 19:30-да басталады. Матчтың тікелей трансляциясын «Qazsport» телеарнасы көрсетеді.
Турнирдің алғашқы турында «Қайрат» сырт алаңда латвиялық «Рига» командасымен 1:1 есебімен тең түсті. Алматы командасы бесінші минутта Марк Гуаль орындаған пенальтидің арқасында есеп ашты. 12-минутта Салах Улад таразы басын теңестірді.
Ал «Панатинаикос» жалпы кезеңді Боснияның Баня-Лука қаласынан келген «Борацты» өз алаңында 2:1 есебімен жеңуден бастады. Грек командасының сапында 10-минутта пенальтиден гол соққан Сирил Дессерс пен 70-минутта мергендік танытқан Кингс Кангва көзге түсті. Қарсылас құрамында 80-минутта Милош Йойич гол авторы атанды.
Екі команда да өзара кездесу қарсаңында ұлттық чемпионаттарында ірі жеңістерге жетті. «Қайрат» ҚПЛ аясындағы матчта өз алаңында павлодарлық «Ертісті» 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал «Панатинаикос» Грекия чемпионатының кезекті ойынында өз алаңында «Астерасты» 5:1 есебімен ұтты.