«Қайрат» қауіпті болуы мүмкін»: грек БАҚ-ы Алматыдағы матч алдында «Панатинаикостың» мүмкіндігін бағалады
Грекияның спорттық БАҚ-тары Конференциялар лигасы жалпы кезеңінің екінші турында алматылық «Қайратпен» өтетін матчта «Панатинаикосты» фаворит санайды. Алайда қазақстандық команда өз алаңында қарсыласына қиындық тудыра алатынын да атап өтті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Gazzetta.gr басылымының мәліметінше, Football Meets Data аналитикалық платформасы «Панатинаикостың» жеңіске жету ықтималдығын 52 пайыз, ал «Қайраттікін» 24 пайыз деп бағалаған. Тағы 24 пайыз тең нәтижеге тиесілі.
Грекиялық команда бірінші турда босниялық «Борацты» (2:1) жеңгеннен кейін Қазақстанға аттанды. «Қайратпен» кездесу афиналық клубқа турнирдің жалпы кезеңінде қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.
«Панатинакостың» бас бапкері Хакоб Ниструп алдағы ойынға қатысты пікір білдіріп, алматылық команданың еуропалық аренада тәжірибесі артқанын атап өтті. Оның айтуынша, «Қайратпен» өткен алдыңғы кездесуден бері қазақстандық клубтың құрамында өзгерістер болған, сондықтан қарсыласты мұқият зерттеу қажет.
«Қайрат» қауіпті болуы мүмкін, әсіресе өз алаңында ойнағанда», - деді грек басылымы Naftemporiki келтірген дат маманы.
Ниструп алматылықтардың шабуыл шебіндегі ойыншыларының, атап айтқанда Эдмилсонның шеберлігіне де назар аударды. Бапкердің пікірінше, оларға қарсы сәтті ойнау үшін «Панатинаикос» қорғаныста ұйымшыл әрекет етіп, қателіктерге жол бермеуі керек.
Сонымен қатар, грек клубы құрам мәселесіне тап болды. Ниструп матчқа Аззедин Унаи мен Ягушич қатыса алмайтынын растады. Бапкер марокколық жартылай қорғаушының алаңға шықпайтынын команда үшін елеулі жоғалту деп атады.
Кездесудің тағы бір ерекшелігі - «Панатинакостың» Алматыға жасайтын ұзақ сапары. Gazzetta.gr афиналық клубтың қазақстандық командамен өтетін матч үшін жүріп өткен қашықтығын да арнайы атап өтті.
«Қайрат» - «Панатинакос» матчы бүгін, 22 қазанда Конференциялар лигасы жалпы кезеңінің екінші туры аясында өтеді.