«Зоналар мен «Реалдың» жылдамдығы бізді жазалады»: «Қайрат» капитаны Мартынович Чемпиондар лигасындағы ойсырай жеңіліс туралы ашық айтты
Алматының «Қайрат» клубының капитаны Александр Мартынович УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі екінші турда мадридтік «Реалға» қарсы өткен ойынды қорытындылады.
Бұл матчта алаң иелері 0:5 есебімен ірі жеңіліске ұшырады.
«Алғашқы 20 минут біз үшін жаман болмады: қарсыласты жоғарыдан қарсы алуға тырыстық, тіпті «Реал» бұндай қысымды күтпеген де шығар. Бірақ кейін олар бейімделіп алды, ал бұл біз үшін кері әсер етті. Өйткені артыңда 40–45 метр бос аймақ қалғанда, ал қарсыласта сондай жылдам шабуылшылар болғанда тепе-теңдікті сақтау өте қиын», — деді Мартынович Qazsport арнасына берген сұхбатында.
Ойын деңгейіндегі айырмашылық жайлы сұраққа ол былай деп жауап берді:
«Әрине, ол сезілді. Біз матчтың басым бөлігінде допсыз ойнадық, қорғаныста көп болдық. Ал олар қысым кезінде де допты еш қиындықсыз қабылдап, ойнап, қарсыласын алдап өте алады. Нағыз шеберлік деген осы — қиын жағдайда қателіксіз әрекет ету».
Бұл «Қайраттың» топтық кезеңдегі қатарынан екінші жеңілісі болды: бұған дейін Рафаэль Уразбахтиннің шәкірттері сырт алаңда португалиялық «Спортингтен» 1:4 есебімен ұтылған еді. Мартынович бұл ойында негізгі құрамда алаңға шығып, толық 90 минут өткізді.
Алматылықтарды енді кезекті сынақ күтіп тұр: 21 қазанда «Қайрат» өз алаңында кипрлік «Пафоспен» кездеседі.
Сондай-ақ Дастан Сәтпаев «Кайраттың» «Реалдан» ойсырай жеңілу себебін түсіндірді.