Олимпиада арманы: Cirque du Soleil әртістері спорттық өткендері жайында айтты
Бүгін Астанада әлемге әйгілі Cirque du Soleil OVO атты ғаламат қойылымын ұсынады. Аңызға айналған шоу қатысушыларының ішінде спорттық өткендері бар украиналық әртістер Артур Дудов пен Эсмира Кулиева да бар. Sports24.kz порталына берген эксклюзивті сұхбатында олар цирк өнеріне қалай келгендерін және спорттың мансаптарындағы рөлін әңгімеледі.
Олимпиада арманы
OVO шоуының әртісі Эсмира Кулиева бала кезінде спорттық гимнастикамен айналысқанын және ол кезеңді әлі күнге дейін жылылықпен еске алатынын мойындады.
«Иә, мен спорттық гимнастикаға бардым, бірақ көп емес, шамамен екі жыл ғана. Ата-анам спортпен айналысуымды тоқтатуыма себеп болды. Олар менің спортта болғанымды қаламады, басқа нәрсені қалады, бірақ уақыт өте келе мен бәрібір циркке қайтып келдім, спорттық нәрсе мені қызықтырды. Егер мүмкіндік болса, Олимпиада ойындарына қатысқым келер еді, бұл мен үшін үлкен бақыт болар еді», – дейді Эсмира Кулиева.
Акробатикадан әлемдік гастрольдерге дейінгі жол
Белгілі шоудың тағы бір қатысушысы Артур Дудов та спорттан бастағанымен, тез арада цирк өнеріне бет бұрған.
«Мен де бала кезде спорттық акробатикамен айналыса бастадым, бірақ ол ұзаққа созылған жоқ. Негізінен менің спорттық тәжірибем – цирк. Цирк студиясында жаттығып, кейін Киевтегі цирк академиясына түстім», – деп бөлісті Артур.
Қазақстанға 200 тонна жабдық жеткізілді
Алдағы күндерге арналған билеттер саны азайып келеді, ал ең үздік орындар көп қойылымдарға сатылып кетті деуге болады. Шоу саны шектеулі әрі сұраныс жоғары болғандықтан, көрермендерге билеттерді алдын ала алуға кеңес беріледі.
OVO шоуының халықаралық командасы 25 елден жиналған 100 адамнан тұрады, оның ішінде Бразилия, Канада, Франция, Қытай, Моңғолия, Ресей және басқа елдерден келген 53 әртіс бар. Акробаттармен бірге Қазақстанға музыканттар, клоундар, техникалық мамандар, шығармашылық басшылық, аспазшылар мен әкімшілік топ келді.
«Біз дәстүрлі оркестрді көрдік, жергілікті деликатестер мен тәттілерді татып көрдік. Мұнда өте қонақжай халық. Қаланы және айналадағы жерлерді аралауға бірнеше бос күніміз болды. Енді көрермендермен кездесуді тағатсыздана күтіп отырмыз!» – дейді OVO by Cirque du Soleil шоуының өкілі Жани Малле.
Бұған дейін гастроль үшін Қазақстанға екі ұшақпен 200 тоннаға жуық жабдық жеткізілгені хабарланған еді. Бұл – декорациялар, сахналық құрылымдар, жарық пен дыбыс жабдықтары, костюмдер және әлемдік деңгейдегі шоуды өткізуге қажетті барлық техникалық инфрақұрылым.
OVO қойылымдары Қазақстанда қашан өтеді?
OVO қойылымдары Астанада 4-7 маусым аралығында Barys Arena-да, ал 11-14 маусым күндері алғаш рет Алматыда – Almaty Arena-да өтеді. Әлемдік тур аясында Қазақстанда барлығы 14 қойылым болады және оларды 70 мыңнан астам көрермен тамашалайды деп күтілуде.
Cirque du Soleil-дің 42 жылдық тарихында бұл – аты аңызға айналған цирктің Қазақстанға екінші рет келуі. Алғаш рет компания 2017 жылғы EXPO аясында өнер көрсеткен еді.
OVO – Cirque du Soleil-дің ең танымал қойылымдарының бірі, әрі брендтің әлем бойынша гастрольдік arena show-бағдарламасы болып табылады. Бұл қойылымды қазірдің өзінде 10 миллионнан астам адам көрді. 2026 жылғы нұсқасы арнайы жаңа әлемдік тур үшін визуалды және техникалық жағынан толық жаңартылды.