Мбаппе, Винисиус пен Беллингемді «Реалда» не күтіп тұр – Перес жауап берді
Мадридтік «Реал» президенті Флорентино Перес «корольдік клубтың» жұлдыздары – вингер Винисиус Жуниор, шабуылшы Килиан Мбаппе және жартылай қорғаушы Джуд Беллингемнің болашағына қатысты журналистердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Мбаппе – әлемдегі ең үздік ойыншылардың бірі. Оның статистикасына қарасаңыз, қандай ерекше футболшы екенін бірден түсінесіз. Мұндай феноменалды ойыншының деңгейіне ешкім күмәнданбауы тиіс. Ол бізге көп пайда әкеледі және мен оның «Реалда» үлкен жетістікке жететініне сенімдімін», – деп келтіреді Перестің сөзін AS.
Мбаппе, Винисиус пен Беллингемді негізгі құрамда көре аламыз ба деген сұраққа Перес нық жауап берді.
«Бұл – ерекше ойыншылар. Әлемдегі кез келген ірі клуб өз қатарында болуын қалайтын футболшылар, ал біз оларды «корольдік клубта» көруге бақыттымыз. Әрине, олар «Реалда» қалады», – деп түйіндеді ол.
Өткен маусымда Винисиус барлық турнирлерде клуб сапында 53 матч өткізіп, 22 гол соғып, 12 нәтижелі пас берді. Мбаппенің еншісінде 44 матч, 42 гол және 7 ассист бар. Беллингем 40 ойынға қатысып, 8 гол және 5 нәтижелі пасымен көзге түсті.
Бұған дейін «Реал» клуб президентін сайлау күнін белгілеген болатын. Қазіргі президенттің басты қарсыласы – кәсіпкер Энрике Рикельме.
Перес 79 жаста. Ол «Реал» президенті қызметін 2000 жылдан 2006 жылға дейін атқарып, 2009 жылы қайта сайланды. Оның басшылығымен клуб жеті рет Испания чемпионы, үш рет ел Кубогының және жеті рет Суперкубоктың иегері атанды. Сондай-ақ, жеті рет Чемпиондар лигасын, алты рет УЕФА Суперкубогын, бес рет клубтық әлем чемпионатын және екі мәрте Интерконтиненталдық кубокты жеңіп алды.