Жұбайы, үш баласы және биге құштарлығы: Дастан Сәтпаевтың жаңа бапкерінің жеке өмірі туралы не белгілі?
«Бернлидің» жаңа бас бапкері Фабио Челестини футболдағы қызметімен ғана емес, биге деген ерекше қызығушылығымен де танымал. Оның жұбайы Ракель кезінде Мәскеудің ЦСКА клубында өзімен бірге жұмыс істеген. Ал швейцариялық маманның бұрынғы некелерінен үш баласы бар. Фабио Челестинидің отбасы, жақындарымен қарым-қатынасы және футболдан тыс өмірі туралы Sports24.kz баяндайды.
Бапкердің жұбайы Ракель – мамандығы бойынша сәулетші әрі дизайнер. Сонымен қатар ол кәсіби деңгейде бимен айналысқан. Кейінгі жылдары Ракель күйеуінің футболдағы қызметіне де араласа бастаған.
Атап айтқанда, Челестини Мәскеудің ЦСКА клубын жаттықтырған кезеңде Ракель талдау бөлімінің менеджері қызметін атқарған. Ол матчтардың бейнежазбаларын дайындауға, ойындарды талдауға және таныстырылымдар әзірлеуге көмектескен.
Ресейлік БАҚ мәліметінше, бапкердің жұбайы ЦСКА-ның үй стадионындағы бірқатар бөлмені жаңарту жұмыстарына да қатысқан. Олардың қатарында жаттықтырушылар бөлмесі, төрешілерге арналған орын және жаңа жаттығу залы болған.
Челестинидің өзі де футболдан тыс қызығушылықтарының қалыптасуына жұбайының ықпалы зор екенін жасырмайды. Ракельдің арқасында ол балет пен опера қойылымдарына жиі бара бастаған.
«Жұбайым өмір бойы бимен айналысып келеді. Ол – өз ісінің нағыз кәсіби маманы. Сондықтан Үлкен театр оның екінші үйіне айналды десем де болады. Үйде болмаса, қайда кеткенін бірден білемін. Тіпті Горький саябағында екеуміз бірге билеген кездеріміз де болды», – деген Челестини «Чемпионат» басылымына берген сұқбатында.

Швейцариялық маманның бұған дейінгі некелерінен екі ұлы мен бір қызы бар. 2023 жылы Watson басылымына берген сұхбатында ол қызының Панамада тұратынын, ал ұлдарының өзі жаттықтыратын командалардың матчтарына жиі келетінін айтқан.
Бапкер сол сұқбатында жұмысына байланысты үнемі қоныс аударып, тығыз кестемен өмір сүретіндіктен, балаларымен қалағанынша жиі кездесе алмайтынын мойындаған. Соған қарамастан, олармен жақын қарым-қатынасын сақтап, бірге өткізген әрбір сәтті ерекше бағалайтынын жеткізген.
Челестини балаларына деген сүйіспеншілігін денесіндегі татуировкалар арқылы да білдірген. Бапкердің айтуынша, денесіне үш баласының есімін жаздырған. Жалпы, оның татуировкаларының басым бөлігі өміріндегі белгілі бір оқиғамен немесе маңызды кезеңмен байланысты.

Футболдағы қарбалас тіршілігіне қарамастан, Челестинидің ойындағы мінсіз демалыс күні аса қарапайым. Таңертең жұбайымен асықпай таңғы ас ішіп, серуендеу, үйде бірге түскі ас ішу және кешке би билеу – бапкердің көңіліне жақын демалыс түрі.
Бір қызығы, ЦСКА-дағы қызметі кезінде Ракель күйеуіне тек отбасында ғана емес, кәсіби тұрғыдан да қолдау көрсеткен. Алайда Челестини «Бернлидің» бас бапкері болып тағайындалғаннан кейін жұбайының онымен бірге жұмысын жалғастыратыны әзірге белгісіз.
Еске салайық, 28 қазанда Фабио Челестини Ники Хайеннің орнына «Бернлидің» бас бапкері болып тағайындалды. Швейцариялық маман жаңа қызметіндегі алғашқы кездесуін 31 қазанда «Портсмутқа» қарсы өткізді. Матч 0:0 есебімен аяқталды. Ал қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев ойынға арналған өтінімге енген жоқ.