«Канело» Мбиллиді қалай жеңіп, WBC чемпиондық белбеуін қайтарып алды: жекпе-жекке шолу
1 қарашаға қараған түні Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында екінші орта салмақтағы бұрынғы абсолютті әлем чемпионы Сауль «Канело» Альварес пен кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген франциялық Кристиан Мбилли арасында чемпиондық жекпе-жек өтті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қос боксшы 76,2 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын сарапқа салды. Айқасқа дейін бұл белбеу 31 жастағы Мбиллиге тиесілі болатын.
Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ француз боксшысы жоғары қарқын ұсынды. Мбилли ринг ортасын бақылауға алып, қарсыласын арқанға қарай ығыстыруға тырысты. Алайда Альварес ашық айқасқа асықпай, қарымта соққыларға басымдық беріп, қарсыласының осал тұстарын аңдыды.
Екінші және үшінші раундтарда Мбилли қысымын күшейтіп, соққылар санын арттырды. Ал «Канело» денеге бағытталған дәл соққыларымен және қарсы шабуылдарымен жауап беріп, французға өз қарқынын толық орнатуға мүмкіндік бермеді.
Жекпе-жектің екінші жартысында мексикалық боксшының басымдығы айқындала түсті. Алтыншы раундта Альварес белсенділігін арттырса, жетінші үшминуттықта қарсыласын жойқын апперкотпен есеңгіретіп жіберді. Мбилли алға ұмтылуын тоқтатпағанымен, мексикалықтың қарымта соққыларын жиі өткізе бастады.
Сегізінші раундта тағы бір маңызды сәт тіркелді. Қарсыласының желкесінен соққы жасағаны үшін төреші Мбиллиден бір ұпай шегерді. Бұл жағдай француздың төрешілер жазбасындағы жағдайын одан әрі қиындатты.
Соңғы раундтарда Мбилли қарқынын қайта үдетіп, кездесудің барысын өзгертуге тырысты. Дегенмен тәжірибелі Альварес қорғаныста сенімді қимылдап, қарсыласының шабуылдарына дәл соққылармен жауап берді. Шешуші раундта қос боксшы бірнеше мәрте ауыр соққылар алмасты, бірақ екеуі де айқасты соңына дейін жеткізді.
Осылайша, 12 раундқа созылған жекпе-жекте төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен Сауль Альварес жеңіске жетті. Төрешілер есебі – 115:112, 116:111 және 117:110.
Бұл «Канелоның» кәсіпқой мансабындағы 64-жеңісі болды. 36 жастағы мексикалық боксшы 2025 жылдың қыркүйегінде Теренс Кроуфордтан жеңілгеннен кейін айырылған WBC чемпиондық белбеуін қайта иеленді.
Ал Кристиан Мбилли кәсіпқой мансабында алғаш рет жеңіліс тапты. Жекпе-жекті белсенді бастап, қарсыласына қысым көрсетуге тырысқан француз Альварестің дәл соққылары мен қарымта шабуылдарына төтеп бере алмады.