«Бернли» – «Портсмут»: Дастан Сәтпаев қатысуы мүмкін матчтың тікелей көрсетілімі
31 қазанда «Бернли» Англия Чемпионшипінің 2026/27 жылғы маусымындағы 13-тур аясында өз алаңында «Портсмутты» қабылдайды. «Терф Мур» стадионында өтетін кездесу Қазақстан уақытымен сағат 20:00-де басталады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қос команда алдағы ойынға әртүрлі нәтижемен келіп отыр. «Бернли» 12 турда небәрі сегіз ұпай жинап, турнирлік кестеде 22-орынға тұрақтаған. Осы уақыт аралығында клуб бір ғана жеңіске қол жеткізді.
Өткен турда «Бернли» «Линкольн Ситиден» 1:4 есебімен ойсырай жеңілді. Ал «Портсмут» өз алаңында «Миллуоллды» 2:1 есебімен ұтып, кезекті үш ұпайын еншіледі. Қазір қонақтар 18 ұпаймен чемпионатта 11-орында келеді.
Бұл кездесу «Бернлидің» жаңа бас бапкері Фабио Челестини үшін алғашқы сынақ болмақ. Швейцариялық маман 28 қазанда қызметінен кеткен Ники Хайеннің орнына тағайындалған еді.
Қазақстандық жанкүйерлер үшін басты назар Дастан Сәтпаевқа ауады. 18 жастағы шабуылшы биылғы маусымда ағылшын клубының сапында жеті матч өткізгенімен, әзірге гол соғып немесе нәтижелі пас беріп көзге түскен жоқ.
Дегенмен отандасымыздың алдағы кездесуге қатысуы әлі белгісіз. Burnley Express басылымының мәліметінше, футболшының денсаулығына қатысты қайтадан күмән туындаған. Бұған дейін Сәтпаев Қазақстан құрамасының қараша айындағы Ұлттар лигасы матчтарына арналған тізіміне енбеген болатын. Алайда «Бернли» оның қайта жарақат алғанын ресми түрде растаған жоқ.
Еске салайық, «Бернли» мен «Портсмут» соңғы рет 2025 жылғы 1 ақпанда кездескен. Сол ойында қос команда бір-бірінің қақпасына гол соға алмай, 0:0 есебімен тең тарқасқан еді.
«Бернли» – «Портсмут» матчының тікелей трансляциясын қайдан көруге болады?
Англия Чемпионшипінің 13-туры аясындағы кездесу 31 қазанда Қазақстан уақытымен сағат 20:00-де басталады.
Матчтың тікелей трансляциясын «Бернли» клубының ресми Clarets+ платформасынан көруге болады. Қазақстандағы көрермендер үшін ақылы көрсетілім құны 10 фунт стерлингті құрайды. Трансляция шамамен сағат 19:45-те басталады.