locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Шнайдер Рыбакинаның қарсыласын жеңіп, Токиодағы WTA 500 турнирінің чемпионы атанды

Ресейлік теннисші Диана Шнайдер Токиодағы WTA 500 турнирінің финалында канадалық Лейла Фернандесті жеңіп, чемпион атанды
Теннис
Шнайдер Рыбакинаның қарсыласын жеңіп, Токиодағы WTA 500 турнирінің чемпионы атанды
ФОТО: Getty images

1 қарашада Жапония астанасы Токиода WTA 500 санатындағы теннис турнирі аяқталды. Шешуші кездесуде әлемнің 13-ракеткасы Диана Шнайдер Канада өкілі Лейла Фернандеспен кездесіп, үш сет қорытындысы бойынша жеңіске жетті, деп хабарлайды Sports24.kz.

Финалдың алғашқы партиясында ресейлік теннисші қарсыласының қателіктерін тиімді пайдаланып, 6:4 есебімен басым түсті. Алайда екінші сетте Фернандес қарқынын күшейтіп, 7:5 есебімен жеңіске жетті де, таразы басын теңестірді.

Чемпиондық атақтың тағдыры үшінші партияда шешілді. Шнайдер қайтадан басымдықты өз қолына алып, канадалық қарсыласына ойын барысын өзгертуге мүмкіндік берген жоқ. Нәтижесінде шешуші сет 6:2 есебімен аяқталды.

2 сағат 21 минутқа созылған кездесуде ресейлік спортшы екі эйс жасап, бірде-бір қос қателік жібермеді. Сондай-ақ сегіз брейк-пойнттың алтауын сәтті пайдаланды.

WTA 500. Токио (Жапония). Финал
Диана Шнайдер (Ресей) – Лейла Фернандес (Канада)
– 6:4, 5:7, 6:2.

ФОТО: Getty images


Осылайша, 22 жастағы Диана Шнайдер 2026 жылғы маусымдағы алғашқы, ал кәсіпқой мансабындағы алтыншы чемпиондық атағына қол жеткізді.

Ресейлік теннисшінің финалға дейінгі жолы да оңай болған жоқ. Ол алғашқы кездесуінде Беларусь өкілі Александра Сасновичті жеңсе, ширек финалда филиппиндік Александра Эалаға қарсы ойында есепте қалып келе жатып, жеңісті жұлып алды. Ал жартылай финалда 18 жастағы словакиялық Мия Поганкованы жарыс жолынан шығарды.

Айта кетейік, Лейла Фернандес ширек финалда-ақ жарысты аяқтауы мүмкін еді. Бұл кезеңде ол әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакинамен кездесуге тиіс болған. Алайда қазақстандық теннисші мойнындағы жарақатына байланысты турнирді жалғастырудан бас тартты.

Осылайша, канадалық спортшы жартылай финалға ойын өткізбестен жолдама алып, келесі кезеңде Өзбекстан өкілі Камилла Рахимованы 7:5, 6:3 есебімен жеңді.

Еске салайық, 25 қазанда Рыбакина мен Фернандес Қытайдың Нинбо қаласында өткен WTA 500 турнирінің финалында кездескен болатын. Сол жолы отандасымыз қарсыласын 6:2, 6:2 есебімен сенімді жеңіп, чемпион атанған еді.

Токиода екі теннисшінің жолы қайта түйісуі мүмкін болғанымен, Рыбакинаның жарақаты олардың тағы бір мәрте кездесуіне мүмкіндік бермеді. Ал ширек финалдан ойынсыз өткен Фернандес ақтық сынға дейін жеткенімен, шешуші кездесуде Диана Шнайдерге жол берді.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie