«Бёрнлидің» жаңа бапкері жоспарлары туралы айтты: Дастан Сатпаевты не күтіп тұр
Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сатпаев өнер көрсететін ағылшындық «Бёрнли» клубының бас бапкері болып тағайындалған швейцариялық маман Фабио Челестини өз жоспарлары туралы алғаш рет егжей-тегжейлі айтып берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
50 жастағы бапкер маусымды сәтсіз бастағаннан кейін командадан кеткен Ники Хайеннің орнын басты. Енді Челестини «Бёрнлиді» Чемпионшип турнирлік кестесінің төменгі бөлігінен шығаруы тиіс.
Клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында жаңа бапкер Англиядағы жұмысын команданың турнирлік жағдайын түзету мүмкіндігі ретінде ғана емес, ұзақ мерзімді жоба ретінде қарастыратынын атап өтті.
«Ең алдымен, осы клубтың бір бөлігі болғанымды мақтан тұтамын. Бұл — Англияда ғана емес, бүкіл әлемге танымал аңызға айналған команда», — деді Челестини.
Маман өзінің футболдағы ұстанымдарына да жеке тоқталды. Ол допқа иелік еткеніне немесе етпегеніне қарамастан белсенді ойнайтын, ойын барысын бақылауда ұстайтын және мінез көрсететін команда құрғысы келеді.
«Мен доппен де, допсыз да қарсылас үстемдік еткім келеді. Команда белсенді әрі эмоцияға толы болуы керек. Жанкүйерлер оның бойында ерекше бір нәрсе бар екенін сезінуі тиіс. Мәселе 4-4-2 немесе 4-3-3 тактикалық жүйелерінде емес, командалық рух пен энергияда», — деп атап өтті бапкер.
Бұл өзгерістер Дастан Сатпаевтың ағылшын клубындағы негізгі құрамдағы жағдайына да әсер етуі мүмкін. 18 жастағы қазақстандық футболшы «Челсиден» маусым соңына дейін жалға алу құқығымен «Бёрнлиде» ойнайды.
Бапкер ауысқанға дейінгі команданың соңғы матчында Сатпаев жарақатынан кейін негізгі құрамға қайта оралып, алаңда бір сағатқа жуық уақыт өткізді. Енді шабуылшы жаңа бапкердің алдында өзін қайта дәлелдеуі тиіс.
Бұған дейін Челестини мәскеулік ЦСКА мен Швейцарияның «Базель» клубында жұмыс істеген. «Базельмен» бірге Швейцария чемпионатында жеңіске жетіп, ел кубогын иеленді. Сонымен қатар оның бапкерлік мансабында «Люцернмен» бірге ел кубогын жеңіп алу және «Лозаннаны» жоғарғы дивизионға шығару жетістіктері бар.
Жаңа маманның жетекшілігіндегі алғашқы матчты «Бёрнли» 31 қазанда «Портсмутқа» қарсы өткізеді. Кездесу «Тёрф Мур» стадионында өтеді.