locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Нұрқожа Қайпанов – Иналбек Шериев: күрестен әлем чемпионатының финалын қашан және қайдан көруге болады

Нұрқожа Қайпанов 1 қарашада Астанада өтіп жатқан күрестен 2026 жылғы ӘЧ-ның алтын медалі үшін ресейлік Иналбек Шериевпен белдеседі
Басқа спорт түрлері
Нұрқожа Қайпанов – Иналбек Шериев: күрестен әлем чемпионатының финалын қашан және қайдан көруге болады
ФОТО: Нурғали Жұмағазы

Бүгін Астанадағы күрестен әлем чемпионатының соңғы жарыс күнінде еркін күрестен төрт салмақ дәрежесінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталады. Қазақстандық жанкүйерлер асыға күткен белдесулердің бірі 74 келі салмақтағы Нұрқожа Қайпановтың қатысуымен өтеді. Отандасымыз ақтық сында әлем чемпионы атағына таласады, деп хабарлайды Sports24.kz.

28 жастағы қазақстандық балуанның қарсыласы – ресейлік Иналбек Шериев. Ол финалға дейін бес белдесуде жеңіске жетті. Жартылай финалда Ресей өкілі Словакия атынан өнер көрсететін Таймураз Салказановты 3:1 есебімен ұтты.

Нұрқожа Қайпанов та өз елінде өтіп жатқан әлем біріншілігінде сенімді өнер көрсетіп келеді. Алғашқы айналымда Косово өкілі Эгзон Джониді 10:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңген қазақстандық балуан келесі белдесуінде әзербайжандық Туран Байрамовтан 4:0 есебімен басым түсті.

Ширек финалда Нұрқожа Тәжікстан атынан сынға түскен Виктор Рассадинді 11:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Ал ақтық сынға шығу үшін өткен белдесуде 70 келі салмақтағы әлем чемпионы, жапониялық Есиносукэ Аоягиді 3:1 есебімен ұтты.

Осылайша, Қайпанов финалға дейін төрт қарсыласын жеңіп, екі кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады.

Еске салайық, Нұрқожа Қайпанов 2024 жылы олимпиадалық бағдарламаға кірмейтін 70 келі салмақта әлем чемпионы атанған болатын. Бұған дейін ол 2019 жылғы әлем біріншілігінде күміс, ал 2025 жылғы әлем чемпионатында қола медаль иеленген.

Енді қазақстандық балуанның екінші мәрте әлем чемпионы атануға мүмкіндігі бар. Бұл жолы Нұрқожа Олимпиада бағдарламасына енген 74 келі салмақта алғаш рет алтын медаль үшін белдеседі.

Әлем чемпионатының финалдық белдесулері Қазақстан уақытымен сағат 18:00-де басталады. Нұрқожа Қайпановтың бозкілемге шығуы 18:30-дан кейін, шамамен 19:00-ге қарай күтіледі. Нақты уақыт бұған дейінгі кездесулердің ұзақтығына байланысты өзгеруі мүмкін.

Финалдық белдесуді Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Сондай-ақ кездесуді телеарнаның ресми сайтынан онлайн тамашалауға болады.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie