«Бернлидің» жаңа бапкері Сәтпаевсыз команда ойынына өзгеріс енгізді: шабуыл шебінде кімдерге мүмкіндік берілді?
«Бернлидің» жаңа бас бапкері Фабио Челестини командадағы жұмысын шабуыл шебіндегі өзгерістерден бастады. Швейцариялық маманның жетекшілігімен өткен «Портсмутқа» қарсы алғашқы кездесуде бірнеше футболшы негізгі құрамнан орын алса, 18 жастағы қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев ойынға қатысқан жоқ, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ағылшынның Burnley Express басылымының мәліметінше, Челестини футболшылардың құрамын ғана емес, алаңдағы орналасуын да өзгерткен. «Линкольн Ситиге» қарсы алдыңғы матчпен салыстырғанда Джейми Варди, Маркус Эдвардс және Андреас Унтонджи алғашқы минуттардан бастап ойнады.
Ағылшын журналистері шабуыл шебіндегі үш футболшының әрекетіне ерекше назар аударған. «Бернли» допқа иелік етпеген сәттерде Унтонджи оң қапталға ығысса, Эдвардс Вардиге жақындай түскен. Ал шабуыл кезінде ол негізгі форвардтың артындағы орынға ауысып, командаластарына гол соғатын мүмкіндіктер жасауға көмектескен.
Бұл өзгерістер әсіресе бірінші таймда «Бернлидің» шабуылын жандандыра түсті. Алайда алаң иелері бірнеше қолайлы мүмкіндікті пайдалана алмай, қарсылас қақпасына гол соға алмады.
Кездесуден кейін Челестини екі күн ішінде команда ойынын толық өзгерту мүмкін емес екенін айтып, әзірге негізгі мәселелерге көңіл бөлгенін жеткізді.
«Дайындыққа небәрі 48 сағатымыз болды. Мұндай қысқа уақытта ойыншыларға барлық талабымды түсіндіріп үлгеру мүмкін емес. Сондықтан оларға артық ақпарат бермеуге тырыстым. Мен үшін команданың бірлесіп әрекет етуі, өз күшіне сенуі және бастаманы қолға алудан қорықпауы маңызды болды», – деді маман.
Сондай-ақ жаңа бапкер футболшылардың жұмысқа деген көзқарасына көңілі толатынын, дегенмен команданың ойынын әлі де жақсарту қажет екенін атап өтті.
Ал Дастан Сәтпаевтың алаңға шықпауына қатысты жағдай әзірге толық анықталған жоқ. Бұған дейін қазақстандық БАҚ шабуылшының қайта жарақат алғанын хабарлағанымен, «Бернли» бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.
Еске салайық, қыркүйек айында Сәтпаев санының артқы бұлшықетін жарақаттап, бірнеше апта алаңға шыға алмады. Қазан айында қатарға қайта қосылып, жаттықтырушылар ауысар алдындағы «Линкольн Ситиге» қарсы кездесуде негізгі құрамнан орын алған болатын. Алайда келесі матчта қазақстандық футболшы өтінімнен тыс қалды.
Әзірге Челестини Сәтпаев толық айыққаннан кейін оған қандай рөл жүктейтіні белгісіз. Дегенмен жаңа бапкердің алғашқы шешімдері «Бернлидің» шабуыл шебіндегі бәсекенің жоғары екенін көрсетті.
Ағылшын клубы келесі кездесуін 3 қарашада сырт алаңда «Куинз Парк Рейнджерске» қарсы өткізеді. Матч Қазақстан уақытымен 4 қарашаға қараған түні сағат 00:45-те басталады. Дастан Сәтпаевтың бұл ойынға қатысуы әзірге белгісіз.