Дастан Сәтпаевтың екі бәсекелесі «Бернлидің» алдағы матчына қатыспауы мүмкін: не белгілі
Англия Чемпионшипінің 13-турында «Портсмутпен» кездесетін «Бернли» құрамында кадрлық қиындықтар туындады. Жарақатына байланысты 18 жастағы қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаевпен негізгі құрамдағы орынға таласып жүрген екі футболшы алдағы матчқа қатыспауы мүмкін, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ағылшынның Portsmouth News басылымының мәліметінше, тәжірибелі шабуылшы Джейми Варди командасының келесі кездесуіне қатыса алмауы ықтимал. Ол беліндегі ауырсынуға байланысты «Линкольн Ситиге» қарсы өткен алдыңғы матчты (1:4) өткізіп алған болатын. Әзірге футболшының толық айығып үлгергені белгісіз.
Армандо Бройяның жағдайы да көңіл көншітпейді. Албаниялық шабуылшы Варди болмағандықтан негізгі құрамнан орын алғанымен, ойынның 13-минутында шап бұлшықетін жарақаттап, алаңнан кетуге мәжбүр болды.
«Бернлидің» бұрынғы бас бапкері Ники Хайен кездесуден кейін Бройяның жарақаты ауыр болуы мүмкін екенін айтқан. Оның нақты қанша уақытқа қатардан шығатыны әзірге белгісіз. Дегенмен ағылшын басылымдары футболшының «Портсмутпен» матчқа қатыспайтынын болжап отыр.
Шабуыл шебіндегі мұндай қиындықтардан кейін «Бернлидің» жаңа бас бапкері Фабио Челестини басқа ойыншыларға мүмкіндік беруге мәжбүр. Солардың бірі – алдыңғы кездесуде Бройяны алмастырып, клуб сапындағы алғашқы голын соққан Андреас Унтонджи.
Алайда бәсекелестерінің жарақат алуы Дастан Сәтпаевтың негізгі құрамға шығатынын білдірмейді. Қазақстандық футболшының өзі де алдағы кездесуді өткізіп алуы мүмкін.
Burnley Express басылымының жазуынша, жас шабуылшының қараша айындағы Ұлттар лигасы матчтарына Қазақстан құрамасының тізіміне енбеуі оның денсаулығына қатысты күмән туғызған. Бұған дейін «Линкольн Ситиге» қарсы ойыннан соң Сәтпаевтың қайта медициналық тексеруден өткені хабарланған еді.
Еске салайық, қыркүйек айында Дастан «Мидлсбромен» кездесуде (1:1) санының артқы бұлшықетін жарақаттап, бірнеше апта алаңға шыға алмады. Қазан айында қатарға қайта қосылып, біртіндеп ойын тәжірибесін жинай бастаған болатын.
Енді оның алдағы матчқа қатысу-қатыспауын «Бернлидің» жаңа жаттықтырушылар штабы шешеді. Айта кетейік, клуб әзірге қазақстандық футболшының қайта жарақат алғанын ресми түрде растаған жоқ.
28 қазанда «Бернлидің» бас бапкері болып 50 жастағы швейцариялық маман Фабио Челестини тағайындалды. Ол маусымды сәтсіз бастаған Ники Хайеннің орнына келді.
Бұрынғы бапкердің жетекшілігімен команда Чемпионшиптегі 12 матчтың тек біреуінде жеңіске жеткен. Сегіз ұпай жинаған «Бернли» турнирлік кестеде 22-орында тұр және төменгі дивизионға түсіп қалу қаупі бар аймақта орналасқан.
Челестини жаңа қызметіндегі алғашқы матчын бүгін, 31 қазанда «Портсмутқа» қарсы өткізеді. «Терф Мур» стадионында өтетін кездесу Қазақстан уақытымен сағат 20:00-де басталады.