ВИДЕО: Қазақстан құрамасы Фарер аралдарына қалай келді
Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының С тобындағы жергілікті командаға қарсы матч алдында Фарер аралдарына келді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құрама футболшыларының жергілікті әуежайға қонғаннан кейін ұшақтан шығып жатқан сәті бейнеленген видеоны жариялады.
«Ұлттық құрама Фарер аралдарына аман-есен жетті. Бүгін команда матч алдындағы жаттығуын өткізіп, ертеңгі кездесуге дайындалады», — делінген ҚФФ хабарламасында.
Айта кетейік, Қазақстан делегациясы аралдарға 24 қыркүйек күні кешке жетуі керек болған. Алайда ауа райының нашарлауына байланысты Вагар әуежайы барлық рейсті тоқтатты. Бұл Қазақстан құрамасы мінген ұшақтың Фарер аралдарына уақытылы жетуіне күмән туғызды.
Еске салайық, 26 қыркүйекте Қазақстан мен Фарер аралдары Ұлттар лигасының С тобында өзара кездеседі. Ойын Астана уақытымен 21:00-де басталады.
Сонымен қатар Фарер аралдарына қарсы кездесуде Қазақстан құрамасына Максим Самородов нақты көмектесе алмайды. Ол медициналық штабпен бірге Астанада қалды.