locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Роналду гол саны бойынша алда, Месси жүлде жағынан басым: қос футболшы ұлттық құрамада қандай жетістікке жетті

Португалиялық футболшы Мессиден қандай көрсеткіштер бойынша озды
Футбол
Роналду гол саны бойынша алда, Месси жүлде жағынан басым: қос футболшы ұлттық құрамада қандай жетістікке жетті
ФОТО: Getty images

Криштиану Роналду Португалия құрамасындағы мансабын аяқтайтынын ресми түрде жариялап, Лионель Мессимен ұлттық құрамалар деңгейінде ұзақ жылдарға созылған бәсекесіне нүкте қойды. Өткізген матчтары мен соққан голдары бойынша португалиялық футболшы алда болса, халықаралық жарыстарда жеңіп алған жүлделер саны жағынан аргентиналық ойыншы басым түсті, деп хабарлайды Sports24.kz.

Роналду 23 жыл ішінде Португалия құрамасы сапында 234 кездесу өткізіп, 146 гол соқты. Осылайша, ерлер арасындағы ұлттық құрамалар тарихында екі көрсеткіш бойынша да әлемдік рекорд орнатты.

Ал 31 тамызда Аргентина құрамасынан кететінін мәлімдеп, 6 қазанда қоштасу матчын өткізген Лионель Мессидің еншісінде 208 кездесу мен 126 гол бар. Демек, Криштиану өзінің көпжылдық қарсыласынан 26 матч және 20 голға озып тұр.

Алайда халықаралық турнирлерде жеңіп алған титулдар саны бойынша Мессидің көрсеткіші жоғары. Аргентиналық футболшы ұлттық құрамамен төрт мәрте ірі жарыстарда топ жарды. Ол 2021 және 2024 жылдары Америка кубогын, 2022 жылы Финалиссиманы жеңіп алды. Сол жылы Катарда өткен әлем чемпионатында да алтын медаль иеленді. Францияға қарсы финалда Месси екі гол соғып, Аргентинаның пенальти сериясындағы жеңісіне үлес қосты. Бұған дейін ол 2014 жылғы әлем чемпионатының, сондай-ақ 2015 және 2016 жылдардағы Америка кубогының финалдарында жеңіліс тапқан еді.

Роналду болса, Португалия құрамасымен үш халықаралық трофей жеңіп алды. Алғашқы ірі жетістігі 2016 жылғы Еуропа чемпионатында тіркелді. Сол кезде португалиялықтар финалда Францияны 1:0 есебімен жеңіп, өз тарихында тұңғыш рет құрлық чемпионы атанды. Кейін Португалия 2019 және 2025 жылдары Ұлттар лигасының жеңімпазы болды. Криштиану соңғы титулын 40 жасында иеленіп, Испанияға қарсы финалда гол соқты. Дегенмен әлем чемпионатының кубогы оған бұйырмады. Роналду өнер көрсеткен кезеңдегі Португалияның ең жоғары нәтижесі - 2006 жылғы әлем біріншілігінде алған төртінші орын.

Қос футболшы да алты әлем чемпионатына қатысты. Роналду алты мундиальда да гол соққан алғашқы ойыншы ретінде тарихқа енді. Ал Месси 2014 және 2026 жылдары әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанып, 2022 жылы бас жүлдені жеңіп алды. Бұдан бөлек, аргентиналық футболшы 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында алтын медаль иеленіп, 2005 жылы жастар арасындағы Әлем чемпионатында топ жарды. Алайда бұл жетістіктер оның ересектер құрамасымен жеңіп алған төрт титулының қатарына кірмейді.

Осылайша, ұлттық құрамалардағы мансабының қорытындысы бойынша Роналду өткізген матчтары мен соққан голдары жағынан әлем рекордшысы болып қалды. Ал Месси Португалия капитанына бұйырмаған Әлем чемпионатының кубогын қоса алғанда, төрт халықаралық трофеймен мансабын аяқтады. Әлем футболының тұтас бір дәуірін айқындаған екі ойыншы ұлттық құрамалар деңгейінде әртүрлі жетістіктерімен тарихта қалды: Роналду нәтижелілігі мен ұзақ жылдық тұрақтылығы арқылы рекордтар орнатса, Месси жеңіп алған ірі турнирлер саны бойынша басымдық танытты.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie