Криштиану Роналдудың Португалия құрамасымен қоштасу матчы қашан өтеді
Португалия футбол федерациясы 5 қарашада ұлттық құрамадағы мансабын аяқтайтынын жариялаған Криштиану Роналдуға арнап арнайы қоштасу рәсімін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Дегенмен іс-шараның өтетін уақыты әлі нақтыланған жоқ, деп хабарлайды Sports24.kz.
41 жастағы шабуылшының мәлімдемесінен кейін федерация арнайы үндеу жариялап, ұлттық құраманың көпжылдық капитанына Португалия футболының дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Федерация өкілдері Роналдудың ұлттық құрамадан кетуі назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Ұйым футболшының ел алдындағы еңбегін лайықты бағалап, жанкүйерлерге онымен қоштасуға мүмкіндік беретін арнайы шара өткізуді көздеп отыр.
Алайда қоштасу рәсімінің нақты күні мен өтетін орны әзірге жарияланған жоқ. Сондай-ақ Криштианудың қатысуымен жеке қоштасу матчы ұйымдастырыла ма, әлде оны ұлықтау рәсімі басқа форматта өте ме - бұл мәселе де әлі шешілген жоқ.
Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының болжамынша, іс-шара 2027 жылғы халықаралық үзілістердің бірінде өтуі мүмкін. Атап айтқанда, наурыз немесе маусым айлары қарастырылып отыр. Дегенмен бұл ақпаратты Португалия футбол федерациясы ресми түрде растаған жоқ.
Еске салайық, 5 қарашада Роналду Португалия құрамасындағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді. Оның ұлттық құрамадағы жолы 2003 жылғы 20 тамызда Қазақстанға қарсы өткен жолдастық кездесуден басталған. Ол кезде Криштиану небәрі 18 жаста еді.
Арада 23 жыл өткенде шабуылшының еншісінде 234 матч пен 146 гол бар. Ол осы екі көрсеткіш бойынша да ерлер арасындағы ұлттық құрамалардың әлемдік рекордын орнатты.
Роналду Португалиямен бірге 2016 жылы Еуропа чемпионы атанып, 2019 және 2025 жылдары Ұлттар лигасының жеңімпазы болды.
Енді Португалия футбол федерациясы жиырма жылдан астам уақыт бойы ұлттық құраманың жетекші ойыншыларының бірі болған Криштианумен қоштасу рәсімінің уақыты мен форматын анықтауы тиіс.